Лаңкестікпен күреске қатысты ҰҚК пікір білдірді. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі шабуылдың алдын алған. Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев айтты. Ол Қазақстанда жыл сайын кем дегенде екі шабуылдың алдын алынатынын жеткізді.
«Биылдың өзінде ғана Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде дайындықтың бастапқы кезеңінде болған, қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жасалатын жарылыстың, сондай-ақ, Астанадағы жұрт жиналатын көпшілік орындарға қарулы шабуыл жасау әрекеті тоқтатылды", - деді ол. Аталмыш ақпаратты ҰҚК қызметкері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының 40-кеңесінің ашылуында айтқан.
Сарапшылардың пікірінше соңғы үш жылда ШЫҰ-ға мүше елдерде 80-ге жуық террорлық әрекет болған. Өкінішке орай биыл лаңкестік жасау әрекеті артқан.
ШЫҰ аймағында 2022 жылы 18 террорлық акт болса, 2023 жылы 47 террорлық акт болған. Шабуылдар салдарынан 400-ден астам бейбіт тұрғын опат болған. Антитеррор мақсатында 300-ден астам операция өткізілген.
Mezgil.kz