Қазақ қоғамы: Соғысты қолдаушы Мұсағалиев Қазақстанға келмесін!

Ресейлік этникалық қазақ Азамат Мұсағалиев топбасшысы саналатын ресейлік әртістер қосыны оккупацияланған Донецкке барыпты, басқыншы Ресей әскеріне қолдау жасапты деген гу-гу әңгіме желіде желдей есіп жүр. Қарасақ, дәл солай екен.

1694250373119458.jpg

Ауқаты да, атақ-мансабы да Ресей эстрадасында дүрілдеп тұрған этникалық қазақ (Астраханның қазағы) Азамат Мұсағалиев оккупацияланған Донецк облысына барып, кәнсерт беріпті. «Донбасстың Гитлер режимінен азат етілгеніне 80 жыл» деген кәнсерт.

Кремльдің басқыншылық соғысын ашық қолдаған Ресей әртістерінің алғашқысы және соңғысы Азамат Мұсағалиев емес. Десек те, Мұсағалиевтің бұл қылығына назар бұрарлық бірнеше себеп бар.

Біріншіден: Ол Ресей азаматы. Ресей эстрадасының өкілі. Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бірақ, этникалық қазақ. Өзін жүрген жерінде «қазақпын» деп таныстырып жүреді. Ол Ресейдің басқыншылық соғысын әуелбаста-ақ, қолдағандардың бірі.

Екіншіден: Ол барып, қолдау білдірген жер – Донецк. Ол Украинаның облысы. 2014-2022 жылдары «ДХР» деген өзін-өзі мемлекет деп жариялаған аумақ. Кейін Ресей аннекциалап алған. Қазақстан бұл аумақтарды – Украинаның жері деп таниды.

Үшінші мәселе: Ресей басқыншылығын қолдаушы Мұсағалиев пен оның әріптестері жуырда Қазақстанға келе жатыр. Алматы мен Астанада қатар-қатар кәнсерт бермекші. Гәп осы жерде.

Бұлардың кәнсерті 5 қазанда Алматыдағы «Алматы Аренада» және 7-8 қазанда Астанадағы «Конгресс орталығында» өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан қоғамы орыс басқыншылығын қолдаушылардың жоспарланған кәнсертіне байкот жариялауда. Себебі: Қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы орыс басқыншылығын қолдамайды. 

Осының алдында ғана ресейлік тағы бір әртіс Никита Джигурда: «Қазақстанда «русофобия мен ұлтшылдық» өршіп кетті. Мен Путинді қолдаушымын. Сондықтан мен Қазақстанға бармаймын. Қазақтар русофоб», - деген еді.

Бұдан бұрын да Қазақстанға қарсы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік әртістер аз болған жоқ. Украинадағы соғысты қолдаушы Григорий Лепс те, Ирина Дубцова да қазақ жеріне келем деп, қоғам өре түрегелген соң келе алмай қалған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар