«Жаңа орыс империализмі» бейбіт жатқан Украинаға басып кіріп, қалаларда ойран-осыр сала бастағанына бір жарым жыл болды. Әуелде: «Киевті үш күнде бағындырамыз», - деген Ресей армиясының қанқасап ұрыс даласында шынайы жағдайы белгілі болып, соғыс күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
«Әлемнің екінші әскері» деп әсіре аспеттелген армия майданнан бірнеше жолы масқара күйде шегінуге мәжбүр болды. Ұрысқа жіберген басқыншы әскер қырылып, Ресей мобилизация жариялады.
Соңғы уақыттарда Халықаралық соғысты зерттеу институттары ұрыс баласындағы Ресей әскерінің хәлі мүшкіл екенін, орасан зор адам және техника шығынына ұшырағанын айтуда.
Ал бүгін Украина Қарулы күштерінің Бас штабы маңызды мәлімдеме жасады. Ресейдің әскери билігі және бір рет мобилизация жасауға даярланып жатыр. Украина барлауының мәліметінше, бұл жолғы жаппай мобилизацияда 400-700 мың аралығында адамды майданға мәжбүрлеп аттандырмақ. Мобилизация Ресейдің бүкіл аумағында және оккупацияланған территорияларда жүргізілмек. Соның ішінде Шешенстаннан 40 мың адам соғысқа жұмылдырылады деп жоспарланған.
Осыған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та: «Ресейде 25-30 қыркүйекте 1 миллионнан аса адам әскерге алынады» деген хабар желдей ескен. Бәрін бақылап отырған Ресей барлауы бұған еш қам қыла алмады.
Бабаларымыз: «Орыстан досың болса, айбалтаң жанында болсын», - дегенді бекер айтпағындығын «Ресей-Украина» соғысы барысында сезе бастадық. Әуелі белімізге санкцияға түскен Ресей капиталы ағылды, артын ала соғыстан қашқан, ақыл-есі зомбиланған Ресей азаматтары ағылды. Баға да өсті, үй жалдау құны шарықтады. Қазақ бизнесі Ресей капиталының қара дауылына шыдамай нарықтан ығстырылды.
Осының бәріне билік пен мәжіліс көз жұма қарап, шығарып салма сөздермен қарпайым қазақи бұқараның көңілін алдаусыратқан болды. Енді міне, Ресей жаңа жаппай әскерге шақыру науқанын осымен үшінші рет бастамақшы. Бұл жолы біздің билік осы нөпірдің алдын алу үшін не істейді деген сауал қоғамды алаңдата бастады.
Қақпамыз мобилизациядан қашқандар үшін тастүйін бола ма, әлде оларға тағы да ас-суын беріп, жатып жастық, иіліп төсек боламыз ба?
Mezgil.kz