Әлгінде ғана «Mezgil.kz» порталында Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын қолдаған Ресейдегі этникалық қазақ Азамат Мұсағалиевтің Қазақстанға кәнсерт қойып келейін деп жатқанын жазған едік.
Ол жуырда өзінің әріптестерімен Ресей оккупациялап алған Донбассқа барып, Ресей армиясына ашық қолдау білдірген. Мұсағалиев пен командасы қазан айында Алматы мен Астанада 3 кәнсерт өткізуді жоспарлаған. Ал олардың осы жолғы басқыншылықты ашық қолдауынан кейін Қазақстан жұртшылығы олардың Қазақстанға келуіне қарсылық білдіруде. Сол үшін арнайы петиция да жарияланған. Онда:
«Азамат Мұсағалиев әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге қазақстандықтардың наразылығын тудырып, ТНТ федералды каналында қазақ тілін мазақ етіп қана қоймай, Денис Дороховпен және өзінің «Камызяки» командасымен бірге жақында оккупацияланған Донецкте өнер көрсетті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресей президенті Путинмен кездесуде Қазақстан «Луганск және Донецк халық республикаларын» мойындамайтынын мәлімдеді. Біз, қазақстандықтар, егемен ел Украинаға агрессияны қолдайтын адамдарды өз елімізде көргіміз келмейді. Біз бейбіт елміз және бейбіт халықпыз», – делінген.
Азамат Мұсағалиев Ресейдегі түрлі телебағдарламаларда өзі этникалық қазақ бола тұра қазақ ұлтына қатысты жағымсыз сөздерді жиі айтатын. Мұсағалиевтің басқыншылық соғысты ашық қолдауы еліміздегі соғысқа қарсы азаматтардың ашуын туғызды. Ал біз Мұсағалиев осыған дейін Ресейде жүріп, қазақ ұлтына қатысты айтқан сөздерінің бірлі-жарымын оқырман талқысына ұсығанды жөн санадық.
Мұсағалиев қазақтар туралы не дейді?
Бірінші факт: 2017 жыл. Мұсағалиев ол кезде КВН әзілкеші еді. ТНТ федералды каналында қазақ тілін мазақ етті.
Әзілкеш Нұрлан Сабыров Мұсағалиевке қазақ тілінде сөйлейді. «Азамат, өзің қалай, денсаулық қалай?» – деп сұрайды.Азата: «Курлы-мурлы, курлы-мурлы», - деп жауап береді. Оған Сабуров: «Ол не деген мағынаны білдіреді», - деп қайта сауадайды. Мұсағалиев: «Сен менен мағынасы бар бір нәрсе сұрадың ба. Біз мағынасыз сөздер тізбегін айтып тұр екенбіз деппін», - дейді.
Бұл қазақ қоғамында үлкен наразылық тудырған. Сол кезде дауға Қазақстанның Мәдениет министрлігі араласып, Мұсағалиев қазақ ұлтынан кешірім сұраған.
Екінші факт: КВН-де қазақ ұлтын, музыкасы мен тілін сан мәрте мазақ еткен.
Ресейдегі «КВН» ойындарының бірінде «сұрақ-жауап» бөлімінде: «Қазақтар туралы тағы не білесіз», - деген сұраққа: «Біз суайтпыз», - дейді Азамат Мұсағалиев. Тағы бірде: Дос-Мұқасанның әйгілі той жырын КВН сахнасында «ақылсыз ән» ретінде көрсетеді. Сол КВН сахнасында (премьер-лигада) жүргенде қазақ эстрадасының жарық жұлдызы болған, марқұм Батырхан Шүкеновке де сәтсіз пародия жасап, келемеждегендей болады. Мұндай жағдайдар бірнеше мәрте қайталанған.
Үшінші факт: Ол КВН сахнасында қазақ әйелдерінің образына қатысты да бірнеше мәрте әзіл жасаған. Мысалы, қазақ әйелінің есімі айтуға қиын деп сипаттап, «Мағрипа Харифуллаевна» деген ойдан шығарған есімді келемеж етеді.
Мұсағалиев өзінің ұлтына қатысты да екіұшты сөздерді жиі айтады. Бір сұхбатында: «Мен қазақпын. Бірақ, мен Ресейде туылдым. Ресей менің отаным», - десе, енді бір сұхбатында: «Мен қазақ боп туылдым. Қазақ болып қаламын», - дейді.
Сіз қалай дейсіз, мұндай адамға Қазақстанға келіп кәнсерт қоюына, сол арқылы аудиторияға проресейлік мазмұндағы әзіл-ақпараттарын насихаттауға рұқсат беру керек пе, жоқ па?
Mezgil.kz