Украина жеріне Ресей сұққан бетте-ақ, Ресейге тек экономикалық қана емес, спорттық санкция да күшейді. Және бұл әделетті шешім еді.
Алғашқыда Ресей спортшылары бейтарап тудың астында Халықаралық додаларға қатысуға мүмкіндік алса, соңғы бір жарым жылдан аса уақыттан бері Ресей спортшылары мен жеке клубтары халықаралық жарыстардан мүлдем шеттетілді.
Ресей спорттан шеттетілген бірінші ел емес, нәсілшілдік режимнің орнауына байланысты кезінде Оңтүстік Африка Республикасы да осы кепті басынан кешкен болатын. 1960-шы жылдан апартеид құлаған 1991 жылға дейін талай қара маржанның бағы байланғанына куә болдық.
Жарыстан шеттетілген Ресейлік спортшылар бірте-бірте шекараның шетінен пана іздей бастады. Солардың бірсыпырасы Орталық Азия елдеріне ағылды. Азаматтықтарын өзгертіп, Өзбекстанның, Қырғызстанның және өзіміздің Қазақстанның азаматтары атанып шыға келді. Бұл арада көңіл аударатын бір жайт – ОА елдері өз спорт мектебін қалыптастырудың орнына Ресейлік спортшыларға иек артуы көп жақсылық әкелмейді.
Соңғы жаңалықтардан білгеніміз, Қазақстанның Ұлттық коньки федерациясы екі бірдей Елизавета Голубева мен Кристина Силаеваның ұлттық құрама сапында өнер көрсететінін мәлімдегені болды.
Ең бастысы су жаңа «отандастарымыз», яғни, Ресейлік келімсек спортшылар миллондаған теңгелік жалақы алып, балалар спортына бөлінетін қаржының майлы жілігін иеленіп кеткені спорт шенеуініктерін ойлантуы тиіс. Бір күндік болымшы жеңісті емес, ел ертеңінің спорттық келешегін ойлайтын кез келді!
Осыған дейін жарияға шыққан ақпарат: Былтырдан бері 10 Ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алған.
Соғыс басталған сәттен бастап Ресейдің 200-ден астам спортшысы өзге ел азаматтығын алған. Жалпы Ресейлік спортшылар ең көп кеткен ел – Израиль. 25 ресейлік спортшы енді Израиль туының астында өнер көрсетуде. Екінші орынды Сербия иемденуде. Сербияға 19 спортшы кеткен. Артынша Германии – 13, Франция - 12 спортшы, Польша – 11, Қазақстан – 10 Ресейлік спортшыдан қабылдаған.
Қазақстан құрамасына ауысуға өтініш білдіргендер қатарында жоғарыда айтқан конькимен жүгіруден әлем чемпионатының алты дүркін қола жүлдегері Елизавета Голубева мен Ресей чемпионы Кристина Силаева да бар.
Шын мәнісінде Қазақстан азаматтығын ынта-шынтасымен алуға асық болудың жалғыз ғана себебі бар. Ол – қыруар қазақ ақшасы. Әлемдік додаларға қатысуға мүмкіндік. Ал азаматтықтың қадір-парқын қажет қылып тұрғаны шамалы...
Mezgil.kz