Украина әскері тактикалық ATACMS зымырандарын Ресей аймағын атқылауға қолданбайды. Бұл туралы Украина Ұлттық қауіпсіздің кеңесі және қорғанысының хатшысы Алексей Данилов Испанияның ABC газетіне берген сұхбатында айтты.
«Біз бұл зымырандарды Ресей аумағын атқылау мақсатында қолданбаймыз. Оған қатысты біздің әріптес елдермен арнайы өзіндік келісімдеріміз бар», - дейді Данилов. Ол ATACMS зымырандарын тек қана Украина аумағын қорғауға қолданатынын айтты. Алайда Қырым мен Донбасс аймағындағы Ресейдің әскери нысандарын, стратегиялық маңызды нысандарын атқылай беретінін жеткізді.
«Халықаралық заң бойынша да, Украина заңы бойынша да, Қырым мен Донбасс біздің жеріміз. Сондықтан бұл оккупациядағы аймақтарды атқылауға толық құқығымыз бар. Оны аталмыш зымыранды беретін тарап та растап отыр», - дейді ол.
22 қыркүйек күні АҚШ-тың NBC арнасы Джо Байден алдағы уақытта Украинаға шектеулі көлемде ATACMS зымырандарын беретінін айтқан еді. Алайда әлі күнге дейін не АҚШ, не Украина билігі бұл ақпаратты ресми мойындамады, жоққа да шығармады. Сарапшылар Вашингтон қарапайым зымыран емес, кассеталық оқтұмсық беретінін айтуда. Ол Ресейдің әскери нысандарын жоюда бірнеше есе эффективті болады дейді.
Ал Украина билігі HIMARS-тың қарапайым зымыран түрлерімен Херсон облысындағы Ресейдің әскери басқару пунктін жойған видеоны жария етті. Ақпарат бойынша 24-ші және 70-ші мотоатқыштар дивизиясының басшылық құрамы жиын өткізіп жатқан сәтте Украина әскері соққы жасаған. Соққыдан ондаған офицер қаза тауып, жарақат алған. Украина ATACMS зымырандарын алған сәтте, бұдан да жойқын соққылар санын еселеп арттыратынына сенімді.
АҚШ-тың алыс қашықтықты атқылауға қабілетті зымырандарды беру туралы шешімі Германияны Украинаға Taurus зымырандарын беруге итермелеуі ықтимал. Осыған дейін Берлин «Вашингтон зымыран берген емес» деп келген еді.
Mezgil.kz