Тарихи күн: Таулы Қарабақ Республикасын жою туралы бұйрық шықты

Әзербайжанның Қарабақ аймағындағы Таулы Қарабақ Республикасы деп аталатын квазимемлекеттік мойындалмаған құрылымның президенті саналатын Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап республиканы тарату және оның барлық органдарын таратуға қатысты жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Арменияның «Азаттық радиосы» хабардар етті.   


Подпишут ли мир Азербайджан и Армения? - Минская правда

 

«Барлық мемлекеттік органдар мен оларға қатысты ұйымдарды 2024 жылдың 1-қаңтарына дейін таратуды бұйырамын. 2024 жылдың 1-қаңтарында Таулы Қарабақ Республикасы (армян тілінде Арцах) өмір сүруін тоқтатады», - делінген бұйрықта.

 

Қарабақтағы сепаратистер Қарабақ армяндарына бұйрықпен танысуды және Әзербайжан қоғамына реинтеграцияланудың талаптарымен танысуды ұсынуда. Қарабақтағы армяндар әр азаматқа қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ойланып шешім қабылдау керектігін айтуда. Жарияланған құжатта Қарабақтағы қарапайым армяндар мен қаруын тастаған әскери азаматтарға Лашын дәлізі арқылы транспортпен өтуге рұқсат етіліп, қауіпсіздіктерін Әзербайжан тарапы толық қамтамасыз ететіндігі жайлы да айтылған.

 

Қарабақ мәселесі Армения мен Әзербайжан арасында 80-жылдардың орта шегінен бастап жалғасып келеді. 1991 жылы Таулы Қарабақ Республикасын жариялаған армян топтары мен Әзербайжан әскері арасында соғыс болды. 80-жылдардың орта шегінен бастап аталмыш аймақта атыс-шабыс онсыз да этникалық сипатта жиілеп кеткен еді. 1988-1994 жылдар аралығында сепаратистік аймақтағы қарулы қақтығыстарда 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Қарабақтағы 7 аудан армян қарулы топтарының бақылауына өтіп, жүздеген мың әзербайжан халқы өз үйін тастап, босып кетті. Армян қарулы топтарының бақылауына өткен аймақтарда этникалық сипаттағы қуғындау болды.

 

Таулы Қарабақ Республикасын БҰҰ мойындаған емес. Армения да оны жеке ел деп қарастырмады. БҰҰ осы уақытқа дейін Қарабақ қақтығысына қатысты 4 қарар қабылдап, Армения Әзербайжан аумағынан әскерін шығаруы міндетті деп тапты. Алайда Ереван ол қарарларды орындаған емес.

 

2020 жылдың 27-қыркүйегінде Әзербайжан мен Армения және мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасы арасында Екінші Қарабақ соғысы бұрқ ете қалды. 44 күнге созылған қанды қырғында Баку жеңіске жетіп, оккупациядағы 7 ауданның 5-еуін қайтарды. Ал қалған екі аудан келісім арқылы қайтарылуы тиіс болатын. Армения, Әзербайжан, Ресей арасында үшжақты келісім жасалып, Қарабақтағы армян заңсыз әскери топтарының қолындағы аймаққа Ресей бітімгерлік күштері кірді. Алайда тараптар арасындағы қақтығыс басыла қоймады. 2020-2023 жылдар аралығында бірнеше мәрте қақтығыс болды, ал 2023 жылдың 19-20 қыркүйегінде Әзербайжан әскері Қарабақта арнайы операция өткізіп, Қарабақтағы армян заңсыз әскери топтарына жойқын соққы берді. Қарабақ армяндарын қарусыздандыру және Таулы Қарабақ Республикасын жою операциясы іске асты. Қарабақтағы армяндар операциядан кейін Арменияға кетуге шешім қабылдап, бүгінгі күнге дейін 65 мың армян Армения аумағына өтті.

 

Осылайша 30 жылға созылған қарулы қақтығыс аяқталудың алдында тұр. Ал Баку толық аумақтық тұтастығын қалпына келтірді десек те болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар