Ресейлік саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Олег Кузнецов Қарабақ мәселесіне қатысты ауқымды мақала жариялады. Ол Украина соғысына қатысты да өзінің ойларын айта кетіпті.
«Армян сепаратистерінің қолында мыңдаған қару, миллиондаған оқ болды. Ресей бітімгерлік күштері мен Әзербайжан тарапы келтірген ақпараттарға назар аударсақ, жалпы мәліметті түсіне бастаймыз. Армяндардың қару мен оқ жетіспеушілігіне байланысты қарсыласуды бір күнде тоқтатуға мәжбүр болдық дегені шындыққа жанаспайды. Олардың қолында 88 млн дана оқ, снаряд, зымыран мен граната болған. Бұл қару қазіргі Украина жеріндегі шайқаста айлар, тіпті жылдар негізінде қолдануға жетеді. Сондықтан да армяндарда қару жеткілікті еді, оларда тек соғысуға рух пен ниет болмады», - дейді ол.
Оның ойынша Қарабақтағы армяндар 2020 жылы «Огонян шебінде» Әзербайжан әскерін тойтара аламыз деп ойлаған, алайда ол қолдарынан келмеді. 2023 жылы да армяндар өздері қалыптастырған қорғаныс шебінде Бакудың операциясын тоқтатамыз деп ойлаған, алайда тағы да сәтсіздікке ұшырады дейді саясаттанушы.
Олег Кузнецовтың ойынша мың адамға шаққандағы әскерилер саны бойынша Қарабақ армяндары 2023 жылдың қыркүйегінде әлемде жетінші орында тұрған. Ол Қарабақтағы милитаризация көлеміне қарап, олардың жаппай Арменияға қашқаны түсінікті дейді. Статистикаға сүйенсек әр үйде кемі бір еркек Әзербайжанға қарсы оқ атқан болып шыға келеді деп ойын тұжырымдайды.
Саясаттанушы Кузнецов Қарабақтағы армян қаруына байланысты былай дейді: «Менің ойымша армян сепаратистерінен Ресей бітімгерлік күштері алған қарудың барлығын арнайы операция аймағына жіберсек керемет болар еді. Бір ғана оқтың өзі 66 млн дана, оны да Ресей әскеріне берсек тамаша емес пе?! Әр жағдайдан пайда таба білуіміз керек».
Осылайша ресейлік саясаттанушы бір сепаратистік аймақтан екінші сепаратистік аймаққа қару беруді ұсынуда.
Mezgil.kz