Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортниковтың пікірінше НАТО елдері Украина жерінде Орталық Азия мемлекеттерінің билігін төңкеруге тиісті лаңкестік топтарды дайындауда-мыс. Бұл туралы ол 11 қазан күні Бакуде өткен ТМД елдерінің арнайы қызмет және қауіпсіздік саласы басшыларының жиынында айтты.
Оның сөзінше қазіргі уақытта Украина жерінде атышулы «ДАИШ» лаңкестері мен өзге де лаңкестік ұйым мүшелері Ресейге қарсы соғысуда. Олар Ичкерия жасақтарының, Қырым татарлары жасақтарының және Ресей аумағына өтіп, рейд жасап жүрген украин диверсанттарының құрамында бар-мыс.
Бортниковтың сөзінше НАТО бақылауындағы 17 әскери дайындық лагері Еуропа елдерінде орналасқан және онда Украинаға барып, соғысқысы келетін лаңкестер дайындықтан өтуде дейді. Ол лагерьлерге халықаралық лаңкестік ұйымдардың мүшелерін түрлі ҮЕҰ-дар жарнама арқылы тартып келген.
«Қазір АҚШ пен НАТО-ның басты мақсатының бірі ТМД елдерін әскери тұрғыдан тұрақсыз ету. Украина лаңкестерді дайындайтын алаңға айналды. Украина жеріндегі лаңкестер ТМД аймақтарында ұрыс жүргізу әдістерін үйренуде. Лаңкестердің басты міндеттерінің бірі Орталық Азиядағы билікті басып алу болып саналады. Ең алдымен олар Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстандағы билікті құлатып, халифат құруды қалайды. Сонымен бірге Ұлыбритания мен АҚШ арнайы қызметтері Талибан басшыларының арасына алауыздық салып, Ауғанстандағы жағдайды да күрделендіре түспек. Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) мен МI6 Ауғанстанның түрлі аймақтарында өздерінің барлау жүргізу әрекеттерін жандандыра бастады. Талибанның басқа елдермен келісімге келіп, түрлі жобаларды жасауына кедергі болуда. АҚШ базаларын Ауғанстанға қайтару нұсқасын қарастыруда» , - дейді ол.
Ол Украина жерінде Ресейге қарсы Еуропаның 13 жеке әскери компаниялары (ЧВК) қатысып жатқанын айтты. Ресей жеріндегі АЭС-терді арнайы қызмет өкілдері жаруға талпыныс жасау жоспары барын айтты. Оны Бортников ядролық лаңкестік деп атау қажет дейді. Ол Украина қызметтерінің әрекетінен Курск АЭС-індегі жұмыс бір мәрте уақытша тоқтағанын айта кетті.
Mezgil.kz