Израиль: 24 сағат ішінде палестиндіктер кететін болсын!

ХАМАС пен Израиль арасындағы алапат соғысқа бір апта болды. 7-қазан күні Газа аймағынан ХАМАС сарбаздарының тұтқиылдан шабуылы Израиль қорғанысын бұза білді. Бұл аймақтағы ең ауқымды қақтығысқа ұласты.


Россияне в плену ХАМАС и полная блокада сектора Газа. Третий день войны в  Израиле - Газета.Ru

 

Қазіргі уақытта ресми дерек бойынша Израиль аумағында 1300 адам қаза тауып, ХАМАС қолына 150-ге жуық адам тұтқынға түскен. 3400-ден астам Израиль азаматы мен шетел туристері жарақат алған. Жауап ретінде Израиль Газа секторын бір апта бойы толассыз зымыран соққысының астына алуда. 13-қазанға қараған түні Израиль әскері Газа секторының солтүстігіндегі 1,1 млн халық ұрыс қимылдарына байланысты 24 сағаттың ішінде оңтүстікке қарай эвакуациялануы керек деген ақпаратты жария етті. Бұл әне-міне Израиль құрлық әскери операциясын бастауы мүмкін дегенді білдірсе керек.

 

БҰҰ Газа аймағының халқы оңтүстікке қарай ығысса да, барар жер, басар тауының жоқтығын айтуда. Газа аймағында бомбадан сақтанатын жертөлелер өте аз және миллиондаған халықты сидыра алмайды.

 

Палестина ақпарат көздері Израиль бомбалауынан кейін 6600-ге жуық адамның ауыр жарақат алғанын жазуда. Соңғы ақпараттарға сенсек 1537 адам опат болған, олардың арасында балалар мен әйелдердің саны басым. ДДСҰ Израиль Газа аймағындағы 34 медициналық нысанға соққы жасағанын айтты. 19 аурухана талқандалып, 20 жедел жәрдем көлігі жойылған. ДДСҰ Газада 10 медицина қызметкері көз жұмып, 16 қызметкер ауыр жарақат алғанын да мәлімдеді. Палестина билігі Израиль барлық халықаралық құқықты таптап, бейбіт нысандарды бомбалап жатқанын айтуда.

 

ХАМАС құрамындағы «Изаддин Әль-Касам» әскери ұйымы Израиль соққысынан 13 тұтқынның қаза тапқанын жариялады. Ақпарат бойынша алты тұтқын Газаның солтүстігіндегі ғимаратқа жасалған соққыда көз жұмса, жеті тұтқын Газа ішіндегі үш аудандағы жертөледе опат болған. ХАМАС айтылған сөзге дәлелдеме ұсынбады.   

 

Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан Газа халқына үндеу тастап, ХАМАС-қа қарсы шығуға шақырды. «Ондаған жылдар бойы БҰҰ ХАМАС-тың қарулы күшіне, оның әрекетіне көз жұмып келді. Олар қарапайым халықты қалқан етіп, өз зұлымдықтарын іске асырумен болды. Газадағы тұрғын үйлер маңына базаларын, әскери құрылымдарын орналастырды. Енді БҰҰ бұл ұйымды жоюды қолдамай, бізге ақыл үйретпек. Біз Газа халқын оңтүстікке эвакуациялау керек деген сәтте оларды қуғындау емес, шығынның қарапайым халық арасында аз болуын ойлаудамыз. Газа халқы бұны түсініп, өзін құрбандыққа шалғалы отырған ХАМАС-қа қарсы болуы қажет», - дейді ол.  

 

ХАМАС Израильдің үндеуіне жауап қатып, палестиндіктер өз отанын тастап кетпейтінін айтты. Қазанның 12-сінде Израиль Газадағы 750 нысанға соққы жасаған. Соғыс қимылдарынан қазірдің өзінде 423 мың адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болды. БҰҰ жағдайдың тым ауыр екенін айтып, гуманитарлық мақсатта 294 млн доллар қаржы бөлуге шақырды. Қазіргі уақытта Газада жарық, су және азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар