Қытай сапары: Президент Тоқаев не дейді, Ши төраға не дейді?

Мемлекет басшысы кеше ҚХР астанасы – Бейжің қаласына ресми сапармен барды. Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі күнге созылатынын хабарлады.

1697534943380735.jpg

Арнайы ресми сапардың мәнісі не, онда қандай шаруалар атқарылып, нендей келісім жүргізілді – ашық деректерге сүйеніп жауап беріп көрейік.

1697534459466340.jpeg

СИ ЦЗИНЬПИНМЕН ЖОЛЫҒУ...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы әуелі Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алғанын атап өтіп, жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды және ҚХР Төрағасын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

«Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚХР Төрағасы шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

ҚАНДАЙ КЕЛІСІМДЕР ЖАСАЛДЫ?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және

реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім;

3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім;

5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама.

1697534535694678.jpeg

БЕЙЖІҢДЕ ӘЛ-ФАРАБИГЕ БЮСТ ОРНАТЫЛДЫ

Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚХР Төрағасымен кездесуден кейін Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталып, энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударды, ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті.

1697534608901469.jpeg

Президент бұдан соң Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.

Мұнан соң Мемлекет басшысына университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті. Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

ҚЫТАЙ КЕЛЕР ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЗАУЫТ САЛАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш шарадан соң SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады.

Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.

«Біз компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ еліміздің мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сіздің кәсіпорныңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз әрі Сіздің компанияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.

Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Ел президенті бүгін YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны да қабылдады.

Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JDcom секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Әңгімелесу барысында Президентке Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл уағдаластық «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою аясында бекітіледі.

«Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Сіздің компанияңызбен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін зор мүмкіндігіміз бар. Бүгінде электронды коммерция – экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан салаларының бірі. Әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 7 триллион доллар қаржысы осы саладан құралады. Қазақстан электронды коммерцияны дамытуға айрықша мән береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Йу Хуэй Дзяо Мемлекет басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобасы туралы баяндады. Атап айтқанда, кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғарытехнологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа Одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды. Ал интеллектуалды IT-шешімдерді енгізу логистика процесін толықтай автоматтандыруға мүмкіндік беріп, электронды коммерция тауарларының кеденнен жылдам өтуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.

Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.

Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

«Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кездесуде инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. 

Келіссөздер мен кездесулер бүгін де жалғасып жатыр. 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар