Қырғызстанның Жоғорғы Кенешінде Израиль-Палестина қақтығысы сөз болды. 18 қазанда қырғыз депутаттары тараптар арасындағы қақтығысты отырыс барысында талқы еткен.
Жалолидин Нұрбаев Палестина халқына қалай көмектесуге болатынын сұрап, өтініш айтушылар саны артқанын айтады. «Мен Сыртқы істер министрлігіне арнайы есепшот ашуды ұсынамын. Палестинадағы бауырларымызға көмек қолын созғысы келетін Қырғызстан азаматтары сол шотқа қаржы аудара алатындай болса», - дейді ол.
Айбек Осмонов өз әріптестерін қолдады. «Палестинада нағыз сұмдық болып жатыр! Біздің мұсылман бауырларымыз, балалар, аналар көшеде қалды. Су жоқ. Тамақ тапшы. Бізге көмек қолын созғысы келетіндер шығып жатыр, жазып жатыр. Мүмкін біз көмек көрсететін дәліз ашуды, гумкөмек жіберуді қарастырармыз. Жоғорғы Кенеш те өзінің позициясын білдіруі тиіс», - дейді депутат.
Жәнібек Қыдықбаев болса депутаттар Палестина халқына бір күндік айлығын бөлсін деген ұсыныс жасады. «Министрлер кабинеті көмек көрсету жолын тапсын. Біз мұсылманбыз дейміз, бірақ үнсіз отырмыз. Күллі әлемде соғысқа қарсы акциялар өтіп жатыр. Біз де өз позициямызды көрсетуге тиіспіз ғой. Бізге өз көршіміз шабуыл жасаған сәтте, бізге де өте қиын болды. Әр облыстан келген көмекті зардап шегушілер үлкен үмітпен қарсы алған еді. Қазір біз Палестинаға сондай көмек көрсете аламыз», - дейді ол.
Ал спикер Нұрланбек Шакиев болса депутаттардың ұсынысын дұрыс деп санайтынын айтты. «Соғыс болып, адамдар көз жұмуда. Қырғызстан - соғысты айыптап, бейбітшілікті қолдайтын ел. Сол себепті де біз соғыстың тоқтап, барлығы бейбіт келісіммен аяқталғанын қалаймыз. Адам өмірі ең құнды байлық. Біз Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге тиіспіз. Мен сіздерді толық қолдаймын», - дейді ол.
Mezgil.kz