Қазақстан 1-сәуірден бастап елден шығарылатын және кіргізілетін тауарды онлайн бақылау жүйесін енгізді. Бұл Ресейге кіргізуге тыйым салынған тауар түрлерін бақылауға арналған шара болатын. Батыс елдері Ресейдің санкцияны айналып өту жолдарын жабуды бастады және Ресей аумағына тыйым салынған тауарды кіргізген шетелдік компаниялар мен өзге елдерге жанама санкция салу механизмін де қарастыруда.
Қазақстанға АҚШ саясаткері Энтони Блинкен сапарлап келген сәтте, санкцияны айналып өтуге жол беру Қазақстан үшін қиын экономикалық жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін ескерткен болатын. Қазақстан өз кезегінде Ресейге қарсы санкция енгізбейтінін, алайда Қазақстан аумағы арқылы Ресейге салынған санкцияның бұзылуына жол бермейтінін ұдайы айтумен келеді.
Ресейге реэкспорт және қосымша импорт жасауды тоқтату мақсатында, онлайн бақылау жүйесінен бөлек өзге де тексеру тетіктері енгізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Ресейге экспорттауға тыйым салынған 106 тауардың түрі бар. Аталмыш тауар түрлері Украинаға қарсы соғыста қолданылуы мүмкін деген мақсатта Ресей аумағына экспорттауға рұқсат етілмей отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты.
«Біз барлық тауар түрлерін экспорттаймыз, тек қана соғысқа қатысы бар болуы мүмкін тауарларды экспорттауға шектеу бар. Қазіргі уақытта біз 106 тауар түрін экспорттауға толық тыйым салдық», - дейді Төребаев. Бұл тауардың ішіне дрондар, чиптер сынды жоғары технология санатына кіретін тауарлар жатады.
Тыйым салынған 106 тауар түрі Қазақстанда шығарылмайды. Соғысқа дейін Қазақстан аумағы арқылы реэкспортталып келген. Енді ол реэкспорт тоқтатылды.
Mezgil.kz