Кешегі жиын: Орталық Азия елдері Еуропаға бағыт алды

Орталық Азия мен ЕО арасындағы алғашқы ресми саммит 2024 жылдың екінші жартысында болады деп күтілуде. Бұл туралы ақпараттар ЕО өкілдері мен ОА мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері арасындағы кездесуде айтыла бастады.


Орталық Азияның СІМ басшылары алғаш рет бір мезетте ЕО-ның 27 елінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бейресми кездесу күні кеше ғана Люксембургте өтті. Бұл келер жылы өтетін алғашқы ЕО-ның Орталық Азиямен саммитіне дайындық науқаны дейді сарапшылар. Саммит Өзбекстанда өтуі мүмкін деген ақпарат бар.  

 

ЕО-ның сыртқы саясат бөлімінің басшысы Жозеп Боррель ЕО Орталық Азия елдеріне түрлі жобалар ұсынуға дайын екенін айтты. Боррель Брюссельдің Қазақстандағы реформаларға, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстандағы бастамаларға қолдау білдіруге дайын екенін де атап өтті.

 

Жиынға қатысушылар ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы байланысты жан-жақты ететін жол картасын да қабылдады. Ресейдің Украинаға шабуылы, Ауғанстандағы әлеуметтік жағдайдың тым нашарлап кетуіне байланысты тараптар арасында байланысты күшейту маңыздылығы аталып өтілді. «Бүгінгі кездесу барысында біз БҰҰ жарғысын басшылыққа ала отырып, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, тәуелсіздігі қатаң сақталу керектігін айттық», - дейді Боррель.

 

ЕО тарапынан Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге жол бермеу мәселесі аталып өтсе, ОА елдері бұл мәселеде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. 2024 жылдың 29-30 қаңтарында Брюссельде ЕО және Орталық Азия инвестициялық форумы өтеді, артынша алғашқы ресми үлкен саммитке дайындық басталмақ.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар