Ресей МемДумасы ядролық қаруды сынамау туралы құжаттың ратификациясын кері қайтарды. 17 қазанда аталмыш құжатты талқылау іске асып, Ресей МемДумасы бірауыздан ядролық қаруды сынамау туралы құжат ратификациясын кері қайтаруға дауыс берді. Ресей аса маңызды құжатты талқылауға бар болғаны екі күн арнаған.
Қазанның басында Ресей басшысы Путин «Валдай» форумында «ядролық қаруды сынамау туралы құжаттың ратификациясын неге кері қайтармасқа» деген ойын айтқан-ды. Путиннің ұсынысы әп-сәтте шындыққа айналып шыға келді. Путин АҚШ ядролық қаруды сынамау туралы құжатқа қол қойса да, келісімді ратификацияламағанын айтып, Ресей де ратификация күшін жойса әділ боларын ескерткен болатын.
Аталмыш келісім 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша қабылданған еді. Ресей келісімді 2000 жылы ратификациялады. Келісім кез келген ядролық жарылысқа тыйым салады, мейлі ол әскери, мейлі бейбіт мақсаттағы сынақ болса да рұқсат жоқ. Аталмыш келісім әлі күнге дейін толыққанды күшіне енген емес, себебі қолында ядролық қаруы бар өзге елдер құжатқа әлі қол қоймады. Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея келісімді мойындамады, ал Иран, Израиль, Қытай, Мысыр, АҚШ келісімге қол қойды, алайда парламент деңгейінде ратификациялаған жоқ.
Ресей СІМ орынбасары Сергей Рябков Ресей Вашингтонның құжатты ратификациялауын 23 жыл күткенін айтып, ақыры ратификацияны кері қайтарғанын жеткізді. Ал Песков болса ратификацияны кері қайтару ядролық сынақ өткіземіз дегенді білдірмейді дейді.
Алайда Путиннің өзі ядролық сынақ өткізуді жоққа шығармайды. «Валдай» отырысында Ресей басшысы жаңа зымыран сынақтан сәтті өткенін айтты. «Мамандар айтқандай, кез келген қару нәтижелі болу үшін, оны әбден сынақтан өткізу керек. Мен қазір сынақ жасау немесе жасамау туралы айта алмаймын, алайда АҚШ әрекетіне қарап қимылдаймыз», - дейді Путин.
Ресей билігінде ядролық қаруды сынауға қатысты ұсыныстар бірінші мәрте айтылып тұрған жоқ. Бұған дейін ядролық қару сынау туралы ЛДПР басшысы болған Владимир Жириновский сан мәрте айтқын-ды. 2023 жылдың маусымында Кремльге жақын саналатын саясаттанушы Сергей Караганов Украинаны Батыс тарапынан қолдауды тоқтату үшін, ядролық қару қолдану керектігін айтып, мәлімдеме жасады. RT бас редакторы Маргарита Симоньян болса Сібірде ядролық сынақ жасауға шақырды. Ал жақында Украина президенті Зеленский барлау қызметтерінің ақпаратына сүйене отырып, жақын аралықта Ресейдің ядролық қарумен бопсаны күшейтетінін айтты.
Ресей КСРО құлағаннан кейін ресми түрде ядролық қару сынағын өткізген емес. Ең соңғы ядролық сынақ Ресейде 1990 жылы болды. Ал әлем державалары өткен ғасырдың соңынан кейін ядролық сынақ жасамады. ХХІ ғасырда тек Солтүстік Корея ғана екі мәрте ядролық сынақ өткізді.
Сарапшылар Путин өзін Ресей империясын жандандырушы деп санайтынын қаперге ала отырып, ол ядролық сынақты Ресей Федерациясы тарихында алғаш өткізген басшы ретінде де қалғысы келетінін айтуда. Мысалы Канада институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Максим Старчак жақын аралықта Ресейдің сынақ жасайтынына күмәнмен қарайды. Алайда сынақ жасауды ойластырса, Жаңа жер архипелагы таңдап алынады дейді. Мамандар Ресейдің ядролық қаруды сынамау туралы келісім ратификациясын кері қайтаруына салмақты қарауға шақырады. Батыс тарапынан Украинаны қолдау тоқтамаса, Ресей ядролық сынақ жасап, бопсаны күшейтуі мүмкін дейді олар.
Mezgil.kz