Жақында ғана аты әлемге әйдік басылымы "Уашиңтон Пост" Украина арнайы күштерінің 2014 жылдан бері ресейлік пропагандистердің көзін жою операцияларын іске асырғандығы жайлы мақаланы жариялады. Басылымның жазуынша операцияларды жоспарлау мен іске асыру бірнеше айдан бірнеше жылға дейінгі аралықты қамтиды. Дарья Дугина мен Татарскийді жою операциялары да, Ресей оккупациясындағы аймаққа келген ресейлік шенеуніктерді жою операциялары да Украина күштерінің мұқият жоспарымен іске асқандығы айтылды. Бұл ақпаратты Киев жоққа шығарды.
Оккупациядағы Қырымда бүгін Украина Радасының бұрынғы депутаты, бүгінде Ресей тарапына өтіп, сатқындық жасаған Олег Царевқа шабуыл жасалғаны жайлы ақпарат шықты. Бұл туралы «Біз Ресеймен біргеміз» қозғалысының төрағасы Владимир Рогов мәлімдеді.
Роговтың мәліметінше Царев ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен. Бірақтар ақпарат көздерінің жазуынша 26 қазін күні Олег Царевтің үйіне жедел жәрдем шақыртылған. Кей ақпарат көздері оны атып кеткенін жазса, енді бірі пышақ жарақатын алғанын жазуда.
Олег Царев – Жоғары Раданың бірнеше шақырылым депутаты болған. Ол 2014 жылы Украинадан кетіп, артынша оккупацияланған Қырымға қоныс аударып, ресейлік позицияны жақтап сан түрлі шоулар түсірді. Украина соты оны сырттай 12 жылға соттаған болатын. Оны Киев ел тұтастығын бұзуға шақырды, сатқындық жасады деп айыптауда. Жақында ғана Царев Мариуполь қаласын қалпына келтіру шараларына Ресей гастарбайтерлерді тартып жатқанына наразылық білдіріп, тек жергілікті халықты жұмысқа алу керек деген-ді.
Ресей оккупациялап алған аймақтарда Мәскеу қызметке қойған заңсыз билік өкілдері белгісіз жағдайда көз жұмған фактілер артуда. 2022 жылдың 16-қыркүйегінде Луганскте Ресей тағайындаған «бас прокурор» Сергей Горенко жарылыстан қаза тапты. Артынша Бердянск қаласында Ресей тарапынан «Көлік полициясының басшысы» етіп тағайындалған Александр Колесников жарылыста опат болды. 2023 жылдың тамызында Украинаның бұрынғы депутаты болған, кейін Ресейге өтіп, сатқындық жасаған Алексей Ковалев өлі күйінде табылды. Оны өз үйінде атып кеткен.
Mezgil.kz