Қарағандының қойнауын сорып, байлығын қылғытып отырған Лакшми Миттал шахтерлердің қанын тағы да ішті. Тура мағынасында. Бүгін таңертең ішінде 252 адам болған Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, қаза тапқандардың саны 32-ге жетті, жоғалғандар саны 14 адам. Түске дейін ауруханаларға кемі 18 адам жеткізілді. Болжам бойынша, лавада газ жарылған.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар, Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырды.
Костенко атындағы шахтада от тұтану фактісі бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу»).
Еліміз 2006 жылдан бері қарай 12 рет Қаралы күн жариялапты. Оның екеуі Қарағанды облысындағы шахтада болған жарылыс пен өрттің кесірінен болды.
Біріншісі, 2006 жылы Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «Ленин» атындағы шахтада метанның жарылуынан 41 кенші қаза тауып, жеті жұмысшы зардап шеккен.
Екіншісі, 2008 жылы Қарағанды облысының «Абай» шахтасында тағы да метан жарылып, 30 адам опат болған.
Бұл – үшіншісі. Құдай естімесін, Мұндай жағдайдың төртінші рет болмауына кім кепіл? Бұлай дейтін себебіміз, Ата Заңына «Елдің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазған Қазақстанның Теміртау қаласында былтыр ғана «АрселорМиттал» компаниясының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны туралы 2 мыңнан астам факт анықталған. Егер сол кездегі олқылықтың орнын толтырса, бүгін дәл осылай қайғыдан қан жұтып отырар ма едік?
Еститін Үкімет, Әділетті Қазақстан, қайдасың? 2 мыңнан астам факт көре тұра жұмысын жалғастыруға рұқсат берген Қарағанды әкімдігі, көзіңе ақ түскен бе, қайда қарап отырсың? «АрселорМитталды» мемлекет меншігіне қайтару аздық етеді! Егер жылтыр көз, табақ бет мешкей Лакшмиді Үкімет шырылдата алмаса, халықтың қолына тапсырыңдар!
Mezgil.kz