Сенбіге қараған түні Израиль әскері Газа аймағындағы әскери операцияның екінші кезеңін бастады. Осыған дейін әуеден соққы жасап келген Израиль, енді артиллерия мен зымыран кешендерін, кеме және ұшақтарды қолдана отырып Газаны жойқын соққының астына алды. Сонымен бірге Израиль жерасты нысандарын жою бомбаларын қолдана отырып, ХАМАС-тың ондаған туннельдерін жойғанын мәлімдеді.
Израиль билігінің мәліметінше Газа аймағына бронды техника мен танктер және арнайы жасақтың мыңдаған сарбазы кіріп, операцияның құрлықтық фазасын бастаған.
ВВС арнасының корреспонденті Рушди Абуалуфтың мәліметінше Израильдің түнде жасаған соққысы соғыс басталған сәттен бастан іске асырған ең ауқымды шабуыл саналады. Ол Газадағы жағдайды нағыз тозаққа теңеп, бұрынсоңды дәл осындай бомбалаулар мен атқылауларды көрмегенін айтты.
Газа аймағында интернет өшіріліп, ақпарат алу қиындаған. Бұл жағдай әлемдік қауымдастықты, араб елдері мен адам құқығын қорғайтын ұйымдарды алаңдатып отыр. Олар ақпарат алу қиындаған сәтте, соғыс заңдылықтарына қайшы келетін әрекеттер жасалуы мүмкін деп болжам жасауда.
Израиль әскерінің жойқын соққыларынан кейін ХАМАС қолында тұтқында отырғандардың туыстары да алаңдаушылық білдіруде. Олар ХАМАС тұтқындарды өлім жазасына кесуі мүмкін деп санайды немесе Израиль бомбасынан опат болуы ықтимал деп алаңдауда. Тұтқындардың туыстары дереу арада Израиль премьері Биньямин Нетаньяхумен кездесу ұйымдастыруды сұрады. Қазіргі уақытта ХАМАС қолында 229 тұтқын бар дейді ақпарат көздері.
ЦАХАЛ өкілі Даниэль Хагари қысқаша брифингте Газадағы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ол Газада нағыз соғыс басталғанын жария етті. Оның сөзінше қазіргі шабуылдар құрлық әскери операциясы емес, бұл тек қауіпсіз кеңістікті кеңейту шаралары.
Израиль түнгі шабуыл барысында ХАМАС-тың әуе күштерінің басшысы саналған Абу Ракабаны жойғанын мәлімдеді. Ол 7-қазанда Израиль аумағына шабуыл жасауды ұйымдастыру тобында болған. Ракаба бір сұхбатында дрондар мен парапландар арқылы іске асырылатын операцияларға жауапты екенін айтқын-ды.
Түнгі шабуыл барысында Израиль 150 нысанға соққы жасаған. Газадағы тілшілер түнгі соққылардан жүздеген ғимараттар тас-талқан болып, мыңдаған адам жарақат алғанын, жүздегені опат болғанын жазды. AFP өкілі Махмұд Бассаль түнгі соққылар мен үш апта ішіндегі шабуылдардан кейін Газаның солтүстік бөлігі үйіндіге айналғанын жазды. Газа тұрғындары бомбалау әсерінен үлкен шұңқырлар пайда болғанын жазуда. Түнгі соққыдан Рафах аймағы да зардап шекті. Газа тұрғындары Рафах маңына бас сауғалап қашқан болатын.
Бүгінде Газа халқы өте қиын жағдайда өмір үшін күресіп жатыр. Газа ауруханаларында дәрі-дәрмек таусылудың алдында тұр. Электр жарығын беретін генераторларға қажетті жанармай қоры таусылды. Азық-түлік тапшылығы айқын көрініс табуда, ал гуманитарлық көліктер Газаға өте алмауда.
Mezgil.kz