Кеше марқұм болған кеншілерді жоқтап, ел боп аза тұттық. Бүгін жергілікті басылымдар жер астында қалған 46-кеншінің мәйіті табылғанын хабарлады.
«Аlash.online» порталына «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қожайыны Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен петиция жарияланды. Петиция авторы сөзін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған.
«Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында 100-ден астам адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп келеді. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші өлім қазақстандық дивизионға сәйкес келеді.
2016 жылдан бастап «АМТ» АҚ көмір шахталарындағы апат жиілігі азайған жоқ. 2016-2022 жылдары 18 рет апат болды, соның салдарынан 19 шахта қызметкері қаза тауып, тағы 45 қызметкер түрлі дәрежедегі жарақат алды. 2021-2022 жылдары «АМТ» АҚ кәсіпорындарында 4 апат тіркелді, 21 адам зардап шекті, 12 адам қаза тапты.
Жақында болған қайғылы оқиға 40-тан астам кеншінің өмірін қиды және Қазақстан тарихындағы ең ірі кеншілердің біріне айналды. Кеншілер бірнеше рет басшылыққа жалақыны көтеру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қойды.
Соңғы 5 жылда «АрселорМиттал Темірта» табысы 1 триллион теңгені құрады. Компания өзінің басқарушысы Палаватху Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы 375,9 млн теңге төлеген. Бұл дегеніміз оның бір айлық жалақысы – 31,3 млн теңге болған, яғни күн сайын 1,01 млн теңгеден төленген», - делінген петицияда.
Петицияға қол қойған азаматтар «АрселорМиттал Теміртаудың» иесі Лакшми Миталл мен Палаватху Кришнан Наир Биджу кеншілердің қауіпсіздігіне қасақана назар аудармағаны үшін жазаға тартуды сұраған.
«Компаниядағы еңбек жағдайын тексеруге тиіс мемлекеттік органдардың қызметкерлері туралы да ұмытпау керек», - дейді олар.
Айта кетейік, үнді олигархының меншігіндегі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко көмір шахтасында 28 қазанда жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды. Оқиға салдарынан 46 кеншінің өмірі қиылды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Президент Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания болғанын атап, онымен ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды.
Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.
Mezgil.kz