Кавказ: Өртенген орталық, қоршаудағы әуежай, қонақ үйге жасалған шабуыл

Кешегі түнде Дағыстан астанасы Махачкала ұйықтамады. Бір топ наразы халық Махачкаладағы әуежайға аттанды. Қолдарында Палестина туы. Мақсаттары әуежайға Израильден келіп қонуы мүмкін ұшақты қондырмау, ал қонса, ішіндегі еврейлерді қуғындау болатын. Наразылық акциясы іске аспастан бұрын әлеуметтік желіде «Израильден босқындар келе жатыр» деген хабарлама тараған-ды. Оқиға қалай басталды? Оның салдары не болмақ?


Антисемитские акции на Северном Кавказе: аэропорт Махачкалы закрыт, толпа  штурмует здание в поисках «беженцев из Израиля» - BBC News Русская служба

 

Жексенбі күні «Тель-Авивтен Махачкалаға босқындар келмек» деген ақпарат әлеуметтік желінің жергілікті чаттарында тарады. Ақпарат тараған сәттен бастап, Махачкала тұрғындары әуежай маңына стихиялы түрде жинала бастады. Кейбірінің қолында Палестина туы болған. Жиналған халық о баста әуежайдан шыққан жолаушылардың құжатын тексере бастаған. Бастапқыда жергілікті тәртіп сақшылары наразы топқа қарсылық танытпады, себебі жағдайды ушықтырып алудан сақтанған.

 

Артынша наразы топ әуежай ішіне кірген. Олар «әуежай қызметкерлері еврей жолаушыларды жасырып отыруы мүмкін» деп санаған. Әуежай терминалы мен ұшу жолағын басып алып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған. Әуежай қызметкерлері «әуежайда еврейлер мен Израильден келген босқындар жоқ» десе де, наразы топ сенбей, ұшу жолағында тұрған ұшақтарға кіруге әрекет жасаған.

 

Ел билігі наразы топты тыныштандыру мақсатында күштік құрылымдарды әуежайға жіберді. Полиция мен наразы топ арасында қақтығыс болып, бірнеше адам жарақат алған. Ашулы халық тәртіп сақшыларына тас, кірпіш лақтырып, бірнешеуін жарақаттаған.

 

Дағыстан билігі әуежайда тәртіпсіздік жасағандардың барлығы анықталатынын айтты. Наразылық акциясына қатысқан 60-тан астам адам ұсталған, ал 500-ден астамының аты-жөні, бет-бейнесі бақылау камералары арқылы анықталды. Оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылуы мүмкін, аталмыш айып бойынша Ресейде 8-15 жыл аралығындағы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұсталғандардың көпшілігі Украина жеріне соғысқа жіберілуі ықтимал. Бұл туралы сарапшылар да, Дағыстан билігі де пікір білдірді. Тергеу органдары «ұсталғандар арасында мобилизациядан жалтарғандар бар» деп мәлімдеді.

 

Бұл Кавказ аймағындағы алғашқы антисемитизм көріністері емес. Сенбі күні Хасавюрт қаласындағы «Фламинго» қонақ үйін бір топ халық қоршап алып, басып кірмек болды. Себебі қонақ үйде Израиль босқындары орналасқан деген ақпарат тараған еді. Ақпарат жергілікті чатта тарап, онда «түрі еврейге ұқсас, шаш пен сақал үлгісі Израиль азаматтарына келетін адамдар қонақ үй маңында жүр» деп жазылған. Артынша ашулы азаматтар жаппай қонақ үй маңына жиналып, оларды елден қуып жіберуін талап етті. Қонақ үйге тас лақтырып, басып кірмекке әрекеттенген. Жергілікті полиция қызметкерлері наразы топтың ішінен үш азаматқа қонақ үйге кіруге рұқсат еткен. Олар қонақ үйге кіріп, еврейлердің жоқтығына көз жеткізген соң, наразы топ тараған.

 

Қабардин-Балқар аймағында да бірнеше акция өтті. Сенбі күні Нальчик қаласында салынып жатқан еврей орталығын белгісіз тұлғалар өртеп кеткен. Олар ғимарат сыртына «еврейлерге өлім» деген жазу қалдырыпты.

 

Кавказ аймағындағы ұлтаралық жағдайдың тым шиеленісіп кетуіне байланысты Ресей билігі мәлімдеме жасап, діни және ұлттық сипаттағы барлық арандату қатаң жазаланатынын ескертті.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар