Қазіргі қоғамдағы отбасы: Құндылық пен өзгерген көзқарастар

Отбасы – адам өмірінің ең маңызды құрылымы, ажырамас бөлшегі. Отбасы кіші мемлекет және кез келген мемлекет сияқты, әр отбасының да өз мәселелері бар. Ол қаржылық, рухани, материалдық, қарым-қатынастық деп бөлініп, сан түрлі шешімді қажет етеді. Отбасындағы бақыт пен береке тек материалдық жағдайға емес, сонымен бірге әр әулет құрамының білімі, тәрбиесі, ұстанымы, көзқарасына сай қалыптасады. Соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық отбасылардың өмірлік көзқарастары, құндылықтарына сай біршама өзгерістер болған. Бес жыл қысқа уақыт болса да, кез келген процессті өлшеуге жетерлік кезең. Саясатта бес жылдық жоспар сол үшін жасалып, кей мемлекеттерде бес жылдық президенттік және парламенттік сайлау мерзімі жүзеге асады. Сонымен Қазақстандағы отбасы құндылықтары соңғы бес жыл ішінде қалай өзгерді, кемшіліктері мен артықшылықтары қандай?


ұлт тілінің ұясы – отбасы

 

«Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасында соңғы жылдары Қазақстанда тіркелген некелер санының біршама азайғаны байқалады. Адамдардың ресми түрде некеге тұруға ниеті азайып барады. Бұл қуантарлық жайт емес, алайда жақсы тенденция да байқалады. Ол - ажырасушылар санының соңғы бес жылдықта азайып келе жатқандығы.

 

Сандар сөйлесін делік. Мысалы 2017 жылы 141 791 жұп ресми некеге отырса, 2020 жылы бұл көрсеткіш коронавирустық пандемияға байланысты 128 839-ға дейін айтарлықтай төмендеген. 2021 жылы бір жыл бұрынғы үйлену тойларына тыйым салу мен шектеулерге байланысты адамдардың кейінге қалдырылған некеге отыру рәсіміне байланысты ол 140 256-ға дейін өсті. Алайда 5 жыл бұрынғы көрсеткішке жете алмады. Осылайша отбасы құрушылар саны азая түскенін көріп отырмыз.

 

Соңғы 6 жылдағы тіркелген неке санының жалпы динамикасы бірте-бірте, қалыпты түрде, ақырындап төмендеуді көрсетеді. Елімізде жалпы некеге тұру көрсеткіші (1000 тұрғынға шаққанда неке саны) 2017 жылғы 9,33-тен 2022 жылғы 7,34-ке дейін төмендеген. Яғни кемі 15 пайызға азайған деген сөз. Республиканың барлық аймақтарында некеге отыру бойынша төмендеу байқалады, бірақ өңірлер арасында бірқатар айырмашылықтар бар. Оны байқамау мүмкін емес.  

 

Неке саны бойынша төрт облыс 2022 жылғы орташа республикалық көрсеткіштен ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Көшбасшы болып миллионнан астам қалалар тұр: Астана және Алматы – сәйкесінше некеге тұру көрсеткіші 10,1 және 9,4, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстары – 7,86 және 7,72 тең. Яғни ірі қалаларда адам санының көптігіне байланысты некеге тұрушылар саны да арта түскен.

 

Некеге тұрушылар саны неге аз? Жалпы бұл әлемдік үрдіс екенін айтуымыз керек. Қара аспанды төндіріп, осымен демографияға қауіп төнді деп шулайтындай емес, жаһандану дәуірінің бір көрінісі бұл. Мысалы АҚШ-та Ұлттық денсаулық статистикасы орталығының мәліметтері бойынша, 2020 жылы некеге тұру көрсеткіші 1000 адамға 5,1 құрады. 330 миллион адам тұратын Америка Құрама Штаттарында барлығы 1 676 911 неке болған. Аз ба? Өте аз деуге болады. Енді АҚШ-тан кейін әлемдаму және өркендеу жағынан үлгі тұтатын Еуропа елдерінде ше? Онда тіпті некеге тұру мәселесі күрделі күйге түскен. Еуропалық Одақта онда 2022 жылы 1000 тұрғынға 3,2 некеден келген. Аз ба? Өте, өте, өте аз десек те болады. Алайда бұл мәселенің де өз жауабы бар. Ол да жаһанданумен түсіндірілуде.

 

Жастар арасындағы некеге тұрудың азаюы саналық өзгеріске де байланысты дейді сарапшылар. Мысалы он жыл бұрынғы «отбасы құру - басты орында» деген түсінік өзгере түскен. Және бұл өзгеріс әлі де күшейе бермек. Ұзақ жылдар бойы КСРО құрамында болған қазақстандық қоғамда «адам өмірінің негізі отбасы және бала» деген түсінік қалыптасты. Алайда КСРО ыдыраған соң жаңа түсініктер ене бастады. Ендігі таңда жастар ерте үйленуді қаламайды және 20-30 жас аралығындағы құндылықтар өзгеруде. Соның ішінде шетелді аралау, ғылым игеру, білімнің бірнеше сатысын оқу, мансап жасау, кәсіп ашу сынды мақсаттарды қойған жастар, үйленуді кейінге шегеруде. Бұл әлі де қарқынды бола түседі, себебі әлемдік қауымдастықпен біте қайнасу қазақстандық қоғамда енді басталды. Бар болғаны 30 жылдық тарихқа ие.


15 мамыр - халықаралық отбасы күні.

 

Еліміздегі Қоғамдық даму институтының социологиялық зерттеуіне сәйкес, соңғы жылдары тіркелмеген немесе азаматтық некелердің таралуы артып келе жатқанын көре аламыз. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің біраз бөлігі азаматтық некені қолдайды және оны нақты некеге тұрмас алдындағы сынақ мерзімі, бір-бірін жақын тану әдісі деп біледі.  Сауалнамаға жауап берушілердің 28,3%-ы «азаматтық» некелерді құптайды, 32,8%-ы мұндай қарым-қатынасты қабылдамайды, 33,1%-ы бейтарап болып қалған. Көріп отырғанымыздай үштен бір бөлігі азаматтық некеге кетары емес. Бұл да жаһандану үрдісінің көрінісі десек те болады. Мысалы Еуропаның кей елінде азаматтық некені 85 пайыз халық қолдайтын жайтқа жеткен. Кино, ән  индустриясында мұндай мысал жетерлік, соңғы жылдары спортқа да келді. Бұл сөзсіз жастардың санасына әсер етеді және олар мысал ретінде аталмыш саланың тұлғаларын келтіреді.

 

Азаматтық неке құптарлық жайт емес, алайда ол демократиялық қоғамдағы әр адамның өз таңдауы. Бұл некеде жауапкершілік мәселесі үлкен десек те болады. Себебі азаматтық некеде бала пайда болса, оның құқығы, жұптар ажырасқан жағдайдағы мүлік бөлісу, алимент мәселесі қоғамдағы дау мен дамайдың бір бөлігі болып табылуда. Алайда қазіргі неке мәселесінде ең үлкен қиындық және заң тұрғысынан қарама-қайшылық, ол ерте некеге отыру. Бұл жалпы Қазақстан қоғамындағы некелердің 1 пайызына жуығын құрайды екен.

 

Ерте некеге тұру өте қиын да күрделі мәселе болып тұр. Мамандардың пікірінше, ерте некеге тұрудың қозғаушы мотиві мен себебі білім алудың маңыздылығын және қыздардың әлеуметтік рөлінің маңыздылығын түсінбеу болып табылады. Тек үй жұмысымен және бала тәрбиесімен шектеліп қалмау керек. Өкінішке орай ерте некеге тұрушы кей азаматтар осыны жіті түсіне бермейді және жастық шақтағы сезім жетегінде ерте отбасы құруды құп көреді.

 

Психологтар бұл «әлеуметтік оқшаулану», «дәстүр», «кедейлік» және басқа факторлармен байланысты екенін айтады. Сонымен бірге географиялық ерекшелік те рөл ойнайтынын баса айтуда. Мысалы оңтүстік бөлікте өзге аймаққа қарағанда ерте тұрмысқа шығу қалыптырақ саналады.

 

Азаматтық неке, ерте тұрмыс құру мәселесін талқы етсек, отбасындағы берек мен бірлікті құртатын тағы бір тақырып бар, ол отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық мәселесі. Өкінішке орай бұл біздің қоғамдағы табу тақырыптың біріне айналған және «әр адам өз отбасын реттеуі тиіс» деген қағидамен қуатталған. 

 

2022 жылы отбасы, тұрмыстық салада 520 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,5%-ға аз. Тіркелген қылмыстың ішінде 70-і адам өлтіру, 214-і денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 167-сі денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру болып саналады. Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтқанына және соңғы жылдары тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің азайғанына қарамастан, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мысалы мынандай сандарды айтсам, жағаңызды ұстайсыз. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 400 әйел көз жұмады екен. Алайда оның санаулысына ғана іс ашылып, сот үкімі оқылады. Бұл сұмдық статистика тіпті БҰҰ-ның арнайы органдарында да айтылды.


Қазақы отбасын қалай сақтаймыз? | Qazdauiri.kz

 

Елімізде әлі күнге дейін көптеген зорлық-зомбылық жағдайлары сотқа жетпей, отбасы деңгейінде жабылады. Бұл жағдайда ең осал әйелдер мен балалар болып отыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық неге жабық тақырыпқа айналды? Себебі, сана әлі толық трансформацияланбады. Әйелдің құқығы мәселесі, балалар құқығы мәселесі әлі де өзекті болуда. «Қол сынса жең ішінде принципі» сақталып, отбасындағы дау-дамайды сыртқа шығару ұят саналған сәтте, зорлық-зомбылық азаймақ емес. Әрине, заң тұрғысынан жаза бар. Мемлекет қатаң жазалауды жыл өткен сайын күшейтуде, алайда сот беріп, арыз жазып құқығын қорғайтын ана мен бала саны айтарлықтай арта қоймады.

 

Cоңғы жылдары елімізде ажырасқан жұптардың саны азайған. Бұл жағымды фактор және қоғамдағы отбасы құндылықтарына қатысты бірқатар өзгерістердің барын білдіреді.

 

2017–2022 жылдар аралығында ажырасуда аздаған оң динамика байқалды. Соңғы 5 жылда ажырасу көрсеткіші төмендеген. Мәселен, 2017 жылы 1000 адамға 3,03 болса, 2021 жылы 1000 адамға 2,54-ке дейін төмендеді. 2021 жылғы мәліметтер бойынша ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Астана, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. Бұл географиялық ерекшелікпен және ұлттардың аймақ бойынша орналасуымен де байланысты дейді мамандар.

 

Сарапшылар ажырасу санының азаюындағы оң үрдісті жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің өсуімен байланыстырады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ неғұрлым жоғары болса, соғұрлым адамдар аз ажырасады. Себебі ЖІӨ дегеніміз ол әл-ауқаттың көтерілгендігін көрсетеді. Бұл экономикадағы сәл де болса оң өзгерісті де аңғартады. Ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасу динамикасының төмендеуі тек материалдық емес, сонымен бірге рухани, саналық өзгерісті де білдіреді. Ерлі-зайыптылар отбасы құндылықтарын жіті түсініп, жауапкершілікті терең сезіне бастаған. Оған мемлекеттік бағдарлама аясында іске асқан шаралар, әлеуметтік роликтер, арнайы орталықтар да оң әсерін берген.

 

Алайда ажырасу статистикасында тағы бір тенденция пайда болды. 2000 жылдың басынан бері ажырасатындардың ішінде ең көп ажырасатындар 5-9 жыл ерлі-зайыпты болғандар екен. Яғни, бұл кезең некедегі қауіпті кезең саналуда. Дей-тұра, 2021 жылдан бастап тенденция ақырындап өзгерді және енді 1-4 жыл аралығында жұп болғандар ажыраса бастады.

 

Ажырасудың негізгі себебі неде? Әр түрлі себеп бар, алайда ең көп себептің бірі ретінде сауалнамалар маскүнемдік, нашақорлық, әлеуметтік жағдай, көзқарас қарама-қайшылығы, опасыздық дегенді атаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде орта есеппен жылына 120-140 мың отбасы құрылады, оның 50 мыңы ажырасу арқылы күйрейді. Тіркелген некелердің жалпы санынан ажырасу үлесі кемінде үштен бірін құрайды, яғни орта есеппен 34%-ға тең деген сөз. Әр үш жұптың біреуі ажырасу арқылы отбасылық өмірді тоқтатады. Қиын жағдай, алайда бұл мәселені шешу үшін түрлі отбасылық кризисті реттеу орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Ажырасуды тоқтату мүмкін емес, бірақ азайтуға болады.

 

Қазақстандық отбасында қандай құндылықтар дәріптеліп келеді? Бұл сұрақ маңызды және оның жауабы да өте жоғары маңызға ие. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандықтардың көпшілігі отбасы құндылықтарын мойындайды. Қазақ отбасылары балаларының бойына сіңіруге тырысатын басты құндылықтардың қатарында еңбексүйгіштік – 33,8%, өзін-өзі құрметтеу – 31,8%, адалдық – 31,7%, ақсақалдар мен қарттарға құрмет көрсету – 31,7%  – 25,3% бар.

 

Бір қызығы, жылдар өте қарапайым отбасылар үшін кейбір құндылықтардың маңыздылығы төмендей бастаған. Мысалы еңбекқорлық 2020 жылы 64,1%-дан 2022 жылы 33,8%-ға, үлкендерге құрмет 2020 жылы 54,9%-дан 2022 жылы 25,3%-ға дейін төмендеді. Бұл да болса құндылықтарға қатысты көзқарас қатты өзгергенін білдіреді және оған жаһандық процесстердің тікелей қатысы бар.


Отбасы құндылықтарын қайтсек сақтап қала аламыз?

 

Жалпы жоғарыдағы сандар көрсеткендей, қазақ отбасыларында отағасы – ер адам, ал үй шаруасы – әйелдерге жүктелетін дәстүрлі отбасылық құрылымды ұстанатынын, ерлер де, әйелдер де солай ойлайтынын көрсетеді. Әйелдер балалармен көбірек уақыт өткізеді, ер адамдар көбінесе отбасын материалдық қамтамасыз етуге жауапты саналады.

 

Отбасы институты әлі де біртіндеп өзгеруде. Әлеуметтанушы, «Қазақ отбасылары – 2022» ұлттық баяндамасының авторларының бірі Ольга Николаеваның айтуынша, елімізде отбасылық құндылықтардың өзгеруі бірқатар факторлардың әсерінен жүріп жатыр. Олардың ішінде тек ішкі ғана емес, сонымен қатар сыртқы жаһандану жағдайындағы фактрлар да бар.

 

Ольга Николаева: «Қазіргі ұрпақтың бұрынғыға қарағанда өзін-өзі дамытуға мүмкіндіктері көбірек, жастар алдымен білім алып, жұмыс тауып, тұрмысқа шықпас бұрын экономикалық тәуелсіз болғысы келеді», - дейді. Оның айтуынша, көптеген ерлі-зайыптылар үйлену тойына және бірге баспанаға ақша жинау үшін «азаматтық» некеде тұрады. Сондықтан некені тікелей, заңдық формада тіркеуге асықпайды. Қазіргі жастар мұндай көзқарастарды дұрыс деп санайды.

 

Қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарының тағы бір тенденциясы ерлі-зайыптылар арасындағы келісім негізінде отбасын құру болып табылады. Бұл Еуропадағы бірқатар тенденцияларға ұқсас келеді. Кәрі құрлықта жұмыс, мансап жасау мақсатында келісім негізінде отбасын құру көріністері бар. Онда отбасы мүшелерінің міндеттері арнайы келісімде бекітіледі, бұл үрдіс бізге енді ғана аяқ басуда деп айтсам болады.

 

Отбасы – негізгі әлеуметтік институт, оның қызметі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттің отбасы саясатындағы басымдықтары бірінші кезекте отбасын нығайту мен қорғауға, отбасының физикалық, интеллектуалдық, рухани және адамгершілік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралардан тұрады.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің бірінде «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» атап өткен еді. Осының өзі мемлекет басшысынан бастап отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінінің көрсеткіші.

 

Мемлекет отбасы институтын қолдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды. Ол жаңа құндылықтарды ескере отырып толықтырылды.

 

Барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтары ашылып, консультациялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету ерлі-зайыптылар үшін қолжетімді болуда. Бұл да дұрыс қадам.

 

Отбасы кіші мемлекет екенін тақырып басында жаздық. Қазіргі қоғамдағы неке, отбасылық құндылықтар, Қазақстан қоғамындағы отбасы институттарының мәселелері мен оны мемлекет тарапынан шешу әрекеттерін жаздық. Қорыта айтқанда, қазақстандық отбасылар жаһандану үрдісіне еніп барады. Бұл жалғасын табатын процесс.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар