Газадағы тозақ: Нанға кезек, сусыз су құбыры, сөнген жарық

Газа секторындағы Израильдің әскери операциясы жалғасуда. Израиль Газаға әуеден соққы жасай отырып, қазіргі уақытта құрлық әскери операциясының да ауқымын кеңейте түсті.


Израиль готовит наземную операцию в секторе Газа. В чём её сложности - BBC  News Русская служба

 

Газа секторындағы Израильдің құрлық әскери операциясының алғашқы міндеті анықталды. ЦАХАЛ Газаның солтүстік бөлігін бөліп, ХАМАС сарбаздарының маневр жасау кеңістігін тарылтуға тырысуда. Алайда бұл оңай міндет емес дейді әскери сарапшылар. Газадағы жүздеген туннель желісін қолданған хамастықтар, шабуылдың сан түрін жасап, Газа қаласына жақындаған Израиль әскеріне тойтарыс беруге тырысуда. Бүгінде Израиль 15 сарбазының қаза тапқанын мойындады, ал жараланғандар санын жария етпеді.

 

Газаның оңтүстігіндегі Мысыр мен Газа арасындағы Рафах өткізу бекеті қайта жұмысын жандандыра түсті. Әзірге бекеттен гуманитарлық көмек кіруде, ал Мысырға өтуге рұқсат етілгендер арасында 450 шетелдік азамат пен  90 ауыр жаралы газалық бар. Мысыр газалық босқындарды қабылдауға қарсы екенін нақты айтты.

 

Израиль күні кеше Газадағы Жабалия босқындар лагеріне соққы жасады. Соққы салдарынан түрлі ақпарат бойынша 100-300 аралығында адам қаза тапқан. Израиль қорғаныс министрлігі соққы жасалғанын мойындай отырып, «бұл соғыс трагедиясы» деп ақталуға тырысты. Бүгін лагерьге кезекті соққы жасалды.

 

БҰҰ-ның Балаларды қорғау бөлімшелері «Газа балалары қырылып жатыр» деп дабыл қағуда. Ресми қаза тапқандардың саны 8700 адамға жеткен, оның 4 мыңға жуығы балалар. «2019 жылдан бері әлемдегі барлық қақтығыста қаза тапқан балалардың саны 4 аптаға жуық бомба астында қаза тапқан газалық балалардың санына жетпейтінін» айтып, «нағыз геноцид жүруде» дейді тілшілер.

 

Соңғы бір айға жуық соғыстағы Газа аймағының шығыны орасан. БҰҰ-ның гуманитарлық агенттігі келесідей ақпаратты жария етті:

 

Ауруханалар: Хамастың Израильге қарсы соғысы 7 қазанда басталғанға дейін Газада 35 аурухана болған, бірақ қазір тек 13 аурухана жұмыс істейді. Қалғандары әуе соққыларының нәтижесінде жойылды немесе медициналық қажетті құралдардың жетіспеушілігінен жабылды.

 

Медицина қызметкерлері: Газаның Хамас бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі ауруханаларда әдеттегі қызметкерлер санының үштен бірі жұмыс істейтінін айтуда. Ал, болжам бойынша, 16 дәрігер қаза тауып, 30-ы жараланған. Дей-тұра бұл нақты ақпарат емес. Кей деректерде қаза тапқан дәрігерлер саны 120-130 деп көрсетілуде.

 

Су: Сейсенбі күні 7 қазаннан бері алғаш рет Израильден Газаға су әкелетін үш су құбырының бірі қалпына келтірілді. Әзірге бұл құбырдың нақты қанша су алатыны, анығы Израиль қанша су беретіні белгісіз. Соғыс басталғаннан кейін су жеткізу толығымен тоқтатылды. Газаның оңтүстік бөлігіне ғана Израиль су беруді іске қосып, халықты оңтүстікке кетуге шақырған еді.

 

Электр энергиясы: Газаға электр қуатын беру толығымен тоқтатылды. Қазіргі уақытта аймақ тек генераторларға сүйеніп күн көруде. 11 қазанда Израиль Газаға электр қуаты мен жанармай жеткізуді тоқтатты. ХАМАС қазіргі уақытта жанармайдың ауадай қажеттілігін айтып, тіпті тұтқындардың бірқатарын жанармай үшін айырбастауға дайын екендігін жеткізді. Жанармаймен генераторлар жұмыс істейді, одан бөлек туннельдерді жарықтандыру үшін де жанармай қажет. Израиль ол ұсынысқа келіспеді.

 

Гуманитарлық көмек тасыған жүк көліктері: Су, азық-түлік және дәрі-дәрмек тиелген елу тоғыз жүк көлігі сейсенбі күні Газаға кірді, бұл қақтығыс басталғаннан бергі ең үлкен гуманитарлық колонна саналады. Қазірдің өзінде аймаққа барлығы 217 жүк көлігі кірді, бірақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар бұл жеткіліксіз деп санайды. Газаның қажеттіліктерін бұрын күніне 500-ге жуық жүк көлігі қанағаттандыратын еді. Осының өзі көмек қаншалықты аз беріліп жатқанын көрсетеді.

 

Наубайхана жұмысы: Газада Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен қамтамасыз етілген бір ғана наубайхана және сегіз жергілікті наубайхана бар. Халық нанға сағаттап кезекте тұрғаны хабарлануда. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бұл кезекте тұрған адамдар әуе шабуылына ұшырау қаупі өте жоғары.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар