Украина соғысы позициялық күйге түсті. Бұл туралы Украина бас қолбасшысы Залужный мәлімдеді. Алайда Киев оңтүстік бағыттағы шабуылын жалғастыруда, ал Ресей Авдеевка маңындағы шабуылын үдете түсті. Ресей әскері шығынның көп болуына байланысты жаңа әскери бөлімшелерді жасақтап, майдан даласына аттандыруды жеделдетуде. Кремль мобилизацияны шалғай өңірлерде жүргізуге тырысады. Бұл қоғамдық наразылық аз болу мақсатында жасалған және әскери шығынды да жасыру оңайға түспек.
Украинаның Запорож облысында Ресей қарулы күштерінің 1251-ші мотоатқыштар полкінің 1-ші батальонының әскери қызметшілері үлкен шығынға ұшырады. Әскери колонна зымыран соққысына ұшыраған деп хабарлайды Idel.Реалии.
«Сердитая Чувашия» телеграм арнасының хабарлауынша, 29-қазан күні ұрыс даласына аттану дайындығын жасап жатқан кезде 1251-ші мотоатқыштар полкінің 1-ші батальонысоққы астында қалған. Бұл полк Чувашиядан шақырылған сарбаздардан құралған және оны республиканың тумасы Владислав Матузас басқарып келген еді. Telegram арнасында жарияланған видеолардан жол шетіндегі өртенген жүк көліктерін, шағын автобустар мен жеңіл көліктерді, әскери техниканы байқауға болады. Әскери сарапшылар колоннаға HIMARS соққы жасаған деп топшылауда.
Нақты қанша әскери қызметкер қаза тапқаны әлі белгісіз. «Сердитая Чувашия» волонтерлік чаттарға сілтеме жасай отырып, 120-ға жуық сарбаз қаза тауып, жараланған деген ақпаратты келтірді. Алайда кейін белгілі болғандай, соққыдан 19 сарбаз көз жұмып, 44 сарбаз ауыр жарақат алған. Зымыран соққысынан жараланғандар мен көз жұмғандардың тізімін жауынгерлердің туыстары мен жақындары жария етті.
Idel.Реалии өткен жылдың күзінде соғысқа мобилизацияланған Чувашия республиканың бірнеше әскери қызметшісімен байланысқа шықты. Сарбаздар оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаларды көрсете отырып, зымыран соққысы жасалғанын растаған. Мобилизацияланғандардың бірі Чувашиядан келген 47 әскери қызметкер атқылау кезінде қаза тапты дейді.
Ресей Қорғаныс министрлігі Чувашиядан жұмылдырылған қаза тапқандар туралы мәліметтерге түсініктеме бермеді. Чувашия басшысы Олег Николаев әскери қызметкерлердің өлімі туралы ақпаратты «қоғамда дүрбелең тудыруға бағытталған ақпараттық шабуылдар» деп атады.
Чувашияның бас әскери комиссары Бахтиер Холиков болса кімде-кім халық арасында жалған ақпарат тарататын болса, сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Mezgil.kz