Түркі Дәуірі: Traditions, Reforms, Investments

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі Мемлекеттері Ұйымының 10-шы мерейтойлық отырысында 10 жылға арналған ұйымның даму бағытына ұсыныс жасап, басымдықтар ұсынды.


 

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСТЫҚ БАЯНДАМАСЫ.

 

«Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді.  Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған. Соның аясында мынадай шаралар атқаруды ұсынамын.


TRADITIONS

 

Бірінші басымдық – салт-дәстүр (Traditions). Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ.

 

Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар.

 

Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын, өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз».


UNIFICATION

 

«Екінші басымдық – біріздендіру жұмысы (Unification). Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Біз мемлекеттеріміздің стандарттары және терминологиясын жүйелеген жөн деп санаймыз.

 

Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

 

Қазір елдеріміздің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады.

 

Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн деп санаймын. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді».


REFORMS

 

Мемлекет басшысы: «Үшінші басымдық – реформалар (Reforms). Ұйым қызметін оңтайландыру шараларын жалғастыру керек.

 

Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Сондай-ақ хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты қолдаймыз.

 

Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруға болады. Соңғы кезде біздің ұйымға халықаралық және аймақтық құрылымдардың қызығушылығы арта түсті.

 

Біз Экономикалық ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдаймыз. Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз».


KNOWLEDGE

 

Президент: «Төртінші, ғылыми әріптестік (Knowledge) арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды.

 

Осы орайда елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Тіл үйрететін бөлімдерді ашуға қатысты жұмысты реттеу қажет. Жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн».

 

 TRUST


Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бесінші басымдық – сенім (Trust). Қазір аумалы-төкпелі заман болып тұр. Халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі.

 

Қару-жарақ және Есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек.

 

Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды».


INVESTMENTS

 

Мемлекет басшысы: «Алтыншы бағыт – инвестиция (Investments). Аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән берген жөн. Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады.

 

Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер.

 

Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғысымды айтамын».


MEDIATION

 

Президент: «Жетінші. Медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр.

 

Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым.

 

Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды».


ENERGY

 

Мемлекет басшысы: «Сегізінші басымдық – энергия (Energy). Энергия қорын үнемдеу – маңызды міндеттің бірі.

 

Қазақстан жаңа қуат көздерін дамытуға, жаңғыртуға және оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Біз геологиялық барлау, қуат өндіру істеріне озық тәжірибені және технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлеміз. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді.

 

Мен биыл Қазақстанда Халықаралық энергетика форумын өткізуді ұсындым. Көтерілген мәселелерді форум кезінде кеңінен талқылауға болар еді. Қазақстан климаттың өзгеруіне және тұрақты даму қағидаттарына баса мән береді.

 

2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақтық саммит өткізу жоспарланып отыр. Түркі бауырларымыз бұл бастамаларды қолдайды деп сенемін»

 

Президент: «Түркі мемлекеттерінің қауіп-қатерлерге қарсы бірігуі, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасауы өте маңызды.

 

Бабаларымыз «Тірлік басқа болса да – тілек бір, бармақ басқа болса да – білек бір» деген. Біздің Түркі ықпалдастығын нығайту жолындағы ортақ табысымыз – соның айқын көрінісі. Саммиттің қорытындысы бойынша бірқатар шешім қабылданады, құжаттарға қол қойылады. Оның бәрі Түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ аймақтағы ықпалдастықты дамытуға және ұйымның беделін күшейтуге зор үлес қосады деп сенемін. Бірлігіміз нығая берсін!»


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар