Израиль әскерінің Газадағы әскери операциясы жалғасуда. 7-қазаннан бері Израиль «Темір қанжар» операциясының аясында Газа секторындағы екі жарым мыңнан астам нысанға соққы жасаған.
6-қараша күні, Израиль әскері Газа қаласынан бейбіт тұрғындар оңтүстікке кету үшін қауіпсіз дәліз ашып, 4 сағат уақыт беретінін жариялады. Анклавтың оңтүстігіне халық қауіпсіз шығу мақсатында ұрыс қимылдарын, әуе соққыларын уақытша тоқтатады. Алайда Израиль әскері ХАМАС жасақтары мыңдаған адамды Газадан шығармай, балалар мен аналарды қалқан етіп, кепілге ұстап отырғанын айтты. ХАМАС бұл ақпаратты жоққа шығаруда.
Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Туиттер желісінде (Х) былай деп жазба қалдырды: «Бүгін ЦАХАЛ тағы да қауіпсіз дәліз ашып, халықты анклавтың оңтүстігіне кетуіне үндеу тастады. Салах-ад-дин, жолы арқылы Газаның солтүстігінен оңтүстігіне кету үшін сағат 10:00-14:00 аралығында қауіпсіз дәліз ашылады. Егер сіздер өздеріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін ойласаңыздар, Израиль әскерінің айтқанын орындап, нұсқаулыққа сай оңтүстікке кетіңіздер», - деді. Жазбаны араб тілінде қалдырған.
БАҚ өкілдері Израиль әскерінен қауіпсіз дәлізден шығу уақыты аяқталған сәтте, не боларын сұрады. Танктік бөлімше басшысы Эйлад Ратуханьяху былай дейді: «Бейбіт тұрғындардың өмірі маңызды. Алайда Газа үшін шайқас қызып тұр. Қауіпсіз дәліздер енді ашылмауы да мүмкін. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, шығып кету керек. Артынша ХАМАС үшін нағыз тозақ басталады. Қалалық шайқастарда бейбіт тұрғындардың опат болу қаупі жоғары. Сол себепті де оңтүстікке уақыт бар сәтте кету керек», - дейді ол.
7-қазанда ХАМАС-тың Израиль аумағына жасаған шабуылынан 1400 Израиль және шетел азаматы, 10200 Газа тұрғыны қаза тапты. Дәл осындай қақтығыс араб-еврей арасында соңғы 50 жылда болмаған.
Mezgil.kz