Астанаға Путин келе жатыр: Ресейбасын атқа қонғызған не жағдай?

Жақын арада Президент Тоқаев Мәскеуге сапарлап қайтқан еді, енді Кремль қожайыны Путин осы айда Астанаға келетін болды. Ресей Президентінің бұл сапарында «елімізбен сауда-саттық, экономикалық байланысы» ғана сөз болмайтыны анық.

1699353248220212.jpg

Әлемдік БАҚ Путиннің Орта Азияға, соның ішінде Астанаға ат шалдыруының себебін сан құбылтып, түрлі болжам мен жорамал жасап жатыр. Ал Қазақстанның Вице-премьері Серік Жұманғарин кездесуде «саясаттың исі де шықпайтынын» айтып сендіруге тырысуда.

«Бұл жерде қандай саясат болуы мүмкін? Бұл жерде таза экономикалық және сауда қарым-қатынастары талқыланады», - деді Вице-премьер.

«Бұл біздің тату көрші, оның ішінде сауда-экономикалық қарым-қатынастары бар. Мені ең қызықтыратын нәрсе осы. Ол Қостанайдағы форумға қатысады. Бұл форумға қазірдің өзінде 20 жыл болды. Биыл онда ең алдымен біздің елдеріміздің тұрғындары мен бизнес өкілдерінің түйткілді мәселелерін талқылаймыз. Бұл форум да ауыл шаруашылығындағы ауқымды мәселелерге арналады», - деді Жұманғарин.

Серік Жұманғарин саясат сөзінен қанша қашуға тырысса да, кейінгі уақытта әлемдік алпауыттардың Орта Азияға деген қызу таласы Путинді атқа қондырып, ОА-дағы ықпалдан айырылып қалу үрейін туғызғанын көзі қарақты жұрт көріп жүр.

Орталық Азияның «Алтын қақпасы» - Қазақстанның Путиндік Ресей үшін орны бөлек. Қазір осы жартылай жабық қақпаның кілтіне Түркия, Қытай және АҚШ пен Батыс та иелік ете бастады. Бұрын «Солтүстік Қазақстан Орыстікі» деп дөңайбат көрсететін Ресей жүрісінен жаңылып, қазақтың қабағына қарауға көшті. Осы алғашқы қабаққа қарауды Путиннің өзі бастап, бұрынғы үріп келген империяшыл итерінің аузын жапқызды.

Енді «Қазақта бұрын мемлекеті болмаған, оны қазаққа Ленин сыйлаған» дейтіндердің күні Алашқа түсетінін ұға бастады. Орталық Азия көкпар алаңына айналды. Бұрын Қытай ғана бақталасым дейтін Ресей, бұдан былай Түркия да, ұжымдық Батыс та, АҚШ-та геосаяси көпарға білек сыбана кіріскенінен шоши бастады. Осы шошу Путинді ішіп-жегенін бойына сіңгізбей, дереу атқа қонғызды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар