Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейлік басылым – «Известия» газетіне берген сұхбат беріп, екі ел арасындағы жан жақты қарым-қатынасқа кеңінен тоқталды. Ол осы сұхбатында орта, кәсіптік және бастауыш білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарлар туралы баяндады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазіргі уақытта Ресейде 60 мыңнан астам Қазақстан студенті білім алып жатыр екен.
«Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бұдан Ресей жоғары оқу орындарының білім әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар мұндай таңдау жасауға территориямыздың жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қолжетімділігі, оқытушылар құрамының біліктілігі, көптеген білім ордасының кеңес кезеңінен бері қалыптасқан беделі мен атағы ықпал етті. Қазақстанда техникалық бейіндегі шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл еліміз Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында жасалған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің филиалдарын тең негізде құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялады. Соның нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің филиалы ашылды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент сұхбат барысында келесі жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жанынан Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-техникалық университетінің филиалы ашылатынын да мәлімдеді.
«Халықтарымыздың тарихи және мәдени жақындығын ескерсек, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге екі тараптың да қызығушылығы бар. Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қазақстан-Ресей бірлескен білім беру мекемелерін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл ретте біз Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында осындай мектептер ашуға мүдделіміз», – деді Мемлекет Басшысы.
Mezgil.kz