Ресей атом электр станцияларын Орталық Азия бойынша салуды ойластыруда. Өзбекстанмен келісім жасалып, құрылыстың алғашқы кезеңі басталып та кетті. Қазақстан АЭС салу туралы шешім қабылдаса, онда Ресей өзінің «арзан, тиімді АЭС салу жобасын ұсынуға дайынбыз» деп мәлімдеді. Ал Қырғызстанға Ресей алғашқы мини АЭС салу жобасын ұсынып отыр.
2022 жылдың қарашасында «Росатомға» кіретін «Русатом Энерджи Проджектс» АҚ мен Қырғызстанның энергетика министрлігі «Атомэкспо-2022» аясында Қырғызстанда қуаттылығы төмен атом станциясын салу туралы алғашқы әріптестікті орнатты. Техникалық сипаттамасын жасап, экономикалық тиімділігі жағын есептейтіні айтылды.
Сол сәтте Қырғызстанның энергетика министрлігінің орынбасары Сабырбек Сұлтанбеков былай деді: «Ресейлік мамандар Қырғызстанға келді. Атом станцияларын орналастырудың бірнеше нұсқасын қарастырды. Шамамен станция салынса, Шу облысында салынуы мүмкін».
Қырғызстан ел аумағында қуаттылығы аз АЭС салуға ниетті екенін Дубайдағы Экспо-2020 шарасында білдірген еді. 2022 жылы Ресей мен Қырғызстан арасында атом технологиясын игеру, меңгеруге қатысты әріптестік артқан болатын.
2-қараша күні Қырғызстанның энергетика министрі Талайбек Ибраев «Росатомның» халықаралық әріптестік бойынша бөлімінің басшысы Николай Спасскиймен келіссөз жүргізді. Бұл туралы ресейлік тарап ақпарат таратты, ал Қырғызстан билігі ақпарат жария етпеді.
«Росатом» баспасөзі тараптардың жасыл энергетиканы жан-жақты талқылағанын жазды. Оның ішінде тек қана қуаттылығы төмен атом электр станциялар салу ғана емес, сонымен бірге жел және су станцияларына да басымдық берілетіні айтылды. Баспасөзде келіссөз қайда және қашан өткені жазылмады.
Қазіргі уақытта Қырғызстанның энергетика саласын негізінен ГЭС қамтамасыз етуде. Алайда соңғы жылдардағы су тапшылығы энергия тапшылығына ұласуы мүмкін дейді мамандар.
Mezgil.kz