АҚШ президенті Жо Байден мен Қытай төрағасы Ши 15 қарашада Сан-Францискода Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында екіжақты келіссөздер жүргізбек. Бұл туралы «Kyodo» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Байден Сан-Францискоға саммит басталардан бір күн бұрын 14 қарашада барады.
Хабарламаға сүйенсек, тараптар климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелер бойынша ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылауды жоспарлап отырған көрінеді. Бұған қоса, АҚШ шиеленісу қаупін барынша азайту үшін қорғаныс саласы мәселесін көтеруді көздеп отыр.
АҚШ әкімшілігі, екі көшбасшының кездесуін өткізу туралы принципті келісімге қол жеткізілгенін бұған дейін хабарлаған.
Сингапурда өткен экономикалық форумда Қытайдың төрағасының орынбасары Хан Жың бұл ақпаратты бүгін ғана растағандай болды.
Ол форумда сөйлеген сөзінде АҚШ-Қытай қос тарабының тіл табысуға мүдделі болып отырғанын жеткізген.
«Соңғы айларда Америка мемлекет істер хатшысының, Қаржы және Сауда министрлері Бейжіңге ресми сапарлап келді. Бұл екі ел басшысының кездесуге мүдделі екенін айғақтайтын нақты сигнал», - деген.
Сөзінің соңында: «Жер шары үлкен. АҚШ пен Қытай екі алып елдің ортақ дамып, ортақ көркеюіне мүмкіндік бар», - деп аяқтаған.
Америка мен Қытай арасында соңғы жылдары кеден салығы, адам құқықтары, мемлекет қауіпсіздігі салаларында алауыздық күшейген. Трамп бастаған сауда соғысын Байден жалғастырып, Қытайға жоғары технологияны беруге тыйым салып, чип соғысын ашқан еді. Қытайдың Украина соғысында Ресейді қолдауы арадағы араздыққа май құйғандай әсер етті.
Mezgil.kz