Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк ХАМАС-тың Израильге шабуыл жасаған күні – 7 қазаннан бастап екі тараптың әскери қылмысқа барғанын айтты.
БҰҰ-НЫҢ АЙТҚАНДАРЫ:
Ол кез келген қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындарды қорғауға басымдық беру керек екенін және бұл құқықты бұзуға соғысушы тараптардың ешқайсысының құқығы жоқ екенін еске салды.
Бұл халықаралық гуманитарлық құқық – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік сарапшылар құрастырған соғыс жүргізу әдістері мен құралдарына қатысты халықаралық құқықтық нормалар мен шектеулердің жиынтығы.
АҚ ҮЙДІҢ АЙТҚАНДАРЫ:
Осы құқықты алға тартып, Ақ үй Израильдің қарашаның 9-ынан бастап Газа секторының солтүстігінде жергілікті тұрғындарға қауіпті аймақтарды тастап кетуге мүмкіндік беру үшін күн сайын 4 сағаттық гуманитарлық үзіліс жасайтынын хабарлады.
Ұлыбританияның Корольдік халықаралық қатынастар институты «Chatham House» Израильдің Газа секторының солтүстігіндегі 4 сағаттық үзілісін «сахна артындағы орасан зор дипломатиялық әрекеттің» нәтижесі деп мәлімдеді.
«Chatham House» халықаралық қауіпсіздік бағдарламасының қызметкері Номи Бар Яковтың айтуынша, Израиль Газа қаласындағы бейбіт тұрғындардың мейлінше көп эвакуацияланғанын қалайды екен. Өйткені ХАМАС өзінің операциялық штаб-пәтері мен әскери қоймаларын азаматтық ғимараттардың астына салған. Ал бұл Израиль қарулы күштері үшін үлкен мәселе туғызады.
«Бұл жай ғана үзіліс, Израиль осы төрт сағат өткеннен кейін бірден әскери инфрақұрылымды жою мақсатында Хамасқа қарсы әскери операцияларын жалғастырады», – дейді Номи Бар Яаков.
ИЗРАИЛЬДІҢ АЙТҚАНДАРЫ:
Ал Израиль Қорғаныс министрі Ақ үйдің Газадағы төрт сағаттық үзіліс туралы мәлімдемелеріне түсініктеме бермеді.
Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант журналистерге оның әскері Палестиналық бейбіт тұрғындардың қашып кетуіне мүмкіндік беру үшін Газада «жергілікті, мақсатты шараларды» қолданып жатқанын айтты.
Алайда Галлант Ақ үйдің Газаның солтүстігінде күн сайын төрт сағаттық гуманитарлық үзіліс жасалатыны жайындағы мәлімдемесі туралы сұраққа тікелей жауап бермеді.
Ол тек ХАМАС жеңіліп, Газа секторында кепілге алынғандар босатылмайынша Израиль Үкіметінің соғысты жалғастыра беретінін қайталаумен болды.
БАЙДЕННІҢ АЙТҚАНДАРЫ:
Джо Байден Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізу, кепілге алынғандарды босату және Газаға азық-түлік, су және дәрі-дәрмек ағынын арттыру үшін шайқаста гуманитарлық үзілістердің маңыздылығы туралы Израиль басшыларымен сөйлескенін жазды. Оның айтуынша, Ақ үй гуманитарлық көмектің көлемін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр-мыс.
«Екі күн бұрын 96 жүк көлігі болса, кеше – 106. Бірақ бізге неғұрлым көп және неғұрлым тезірек болғаны қажет. Біз күніне кем дегенде гуманитарлық көмек тиелген 150 жүк көлігін жеткізуді мақсат етеміз», – деді Байден. Ол бұл сөзіне мынаны қосты:
«Бұл үзілістер бейбіт тұрғындарды белсенді соғыс қимылдарынан алшақ, қауіпсіз аймақтарға көшіруге көмектеседі. Бұл дұрыс бағытта жасалған қадам.
Сіздерге мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауды жалғастыратыныма және Газа халқының қайғысын жеңілдету үшін көмекті арттыруға сөз беремін», – деді Америка президенті.
НЕТАНЯХУДЫҢ АЙТҚАНДАРЫ:
Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Fox News» арнасына берген сұхбатында ХАМАС-ты жеңгеннен кейін Израилдың Газа секторын жаулап алуға, басып алуға немесе басқаруға ұмтылмайды, бірақ қажет болған жағдайда содырлардан келетін қауіп-қатердің алдын алу үшін анклавқа «сенімді күштер» кіруі керек екенін айтты.
«Меніңше, Газаның болашағы қандай болатыны түсінікті: соғыс біткен соң ХАМАС болмайды, біз ХАМАС-ты өзіміз үшін ғана емес, барлығымыз үшін, өркениет үшін, палестиналықтар мен израильдіктердің игілігі үшін жоямыз. Біз Газаның демилитаризациясын, дерадикализациясын және қайта құруын көруіміз керек және мұның барлығына қол жеткізуге болады», – деді Биньямин Нетаньяху.
Нетаньяхудың Израильдің Газаның қауіпсіздігіне шексіз жауапты болатыны туралы мәлімдемесі Израильдің басты одақтасы АҚШ-тың реакциясына себеп болды.
Вашингтон Газаны соғыстан кейінгі басып алуына қарсы болып, анклавты палестиналықтар басқаруы керек деп мәлімдеді.
Нетаньяху Газада үкімет құрылуы керек, бірақ Израиль 7 қазандағы шабуыл сияқты шабуылдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
«Сондықтан бізде қажет болған жағдайда Газаға кіріп, өлтірушілерді залалсыздандыратын сенімді күштер болуы керек. Өйткені бұл Хамас сияқты құрылымның қайта жандануына кедергі болады», – деп қосты Израиль премьер-министрі.
Mezgil.kz