Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Газадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өтті. Араб мемлекеттері Лигасы мен Ислам одақтастығы Ұйымының саммиттері қатар жиналып, Газадағы ахуалға қатысты бірқатар маңызды мәлімдемелер жасалды. Қазақстан атынан аталған жиынға ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу барып қатысты.
Сарапшылар: «Иран, Түркия және Саудия басшыларының бірге жиналып, Газадағы қанқасапты талқылауы – Батысқа жасалған үлкен сигнал», - дейді.
Сонымен, Саудияға жиналғандар не дейді? Қараңыз:
АРАБ ЕЛДЕРІ ЛИГАСЫ ИЗРАИЛЬДІ АЙЫПТАДЫ
ТҮРКИЯ (ПРЕЗИДЕНТ РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН):
«Израиль министрі ядролық қарудың бар екенін мойындады. Ендеше оны тексеру керек. Ядролық қару бар болса, тексерілуі тиіс! Өз елін, жерін қорғап жатқан ХАМАС-ты басқыншы санау қателік. Үнемі адам құқығы жайлы айтатын Батыс елдерінің Палестина қырғынына көз жұма қарауы ұят. Израиль Батыстың ерке баласына айналды. Израиль билігі Палестинаға оккупация үшін өтемақы төлеуі тиіс!», - деді саммит мінберінен.
ИРАН (ПРЕЗИДЕНТ ИБРАГИМ РАИСИ):
«Иран барлық Ислам елдері Израильмен сауда қатынасын тоқтатуы керек деген ойда. Біз бұл жерге өз ұлтымыздың атынан келген жоқпыз. Күллі мұсылмандар атынан Палестина халқына қалай көмек қолын соза алатынымызды талқылау үшін жиналдық.
Қазір тарихи сәтте тұрмыз. Әл-Ақса мешітін қорғау күні болуда. Әлем бойынша миллиондаған адамның Палестинаны жақтап, акцияларға шығуы әлемнің кімді қолдайтынын көрсетті. Біз Газадағы оқиғаларға Құдай алдында жауап береміз.
Үнсіз қалатын сәт емес. Әр ел, әр адам өз позициясын анықтайтын сәт туды. Ал АҚШ Израиль қылмысына қатысушы тарап саналады. Израильдің Газаға шабуылы сұмдық қылмыс. Олар аймақты ұзақ жылдар бойы түрмеге айналдырды, енді қырғын салуда», - деді.
МЫСЫР (ПРЕЗИДЕНТ АБДУЛ-ФАТТАХ АС-СИСИ):
«Газа халқына жасалып жатқан қылмысты ақтау мүмкін емес. Аймақты құрсауға алу, күштеп тұрғын үйлерінен қуу, жазықсыз жандардың өлімін көріп отырмыз. Біз дереу арада соғысты тоқтатуды талап етеміз. Соғыстың ауқымы ұлғайса, аймақтың тыныштығына кері әсер етеді. Ұрыс қимылдары тоқтауы тиіс», - деді.
ИОРДАНИЯ (ПАТША АБДОЛЛА ИБН ХУСЕЙН II):
«Палестин халқына қарсы әділетсіздік пен қуғын-сүргін 7-ші қазанда басталған жоқ, 70 жыл бұрын басталды. Біз Газадағы қырғынға көз жұмып, үнсіз қарап отыра алмаймыз. Екі ел құру шешімі ғана Палестина халқының қайғысын тоқтатып, аймаққа тыныштық әкеледі. Палестин мәселесі дұрыс, әділетті шешім таппаса, әлем ол үшін үлкен құн төлеуі мүмкін», - деді.
ПӘКІСТАН (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АНУАР ХАҚ ҚАҺАР):
«Израиль Палестинаны оккупациялады. Қазір этникалық сипаттағы қырғын, қуғын-сүргін болып жатыр. Бұл өркениетті дәуірде нағыз сұмдық әрекет саналады. Дереу соғысты тоқтатуға шақырамыз», - деді.
МАЛАЙЗИЯ (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АНУАР ИБРАГИМ):
«Газа халқы геноцидке ұшырауда. Соғыс тоқтатуы тиіс. Дереу арада қырғын тоқтатылсын», - деді.
ҚЫРҒЫЗСТАН (ПРЕЗИДЕНТ САДЫР ЖАПАРОВ):
«Бұл қанқасаптан зардап шеккен, отбасы, жақындарынан айырылып, оқ пен оттың ортасында нағыз агрессияны бастан кешіріп жатқан Палестина жұртының қайғысын Қырғыз елі тең бөліседі. Әрбір жоғалған өмір - бұл трагедия. Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Газа секторындағы қарапайым халықты қолдау үшін гуманитарлық көмек көрсетуге даярмыз.
Біз Палестиналық бауырларымызға сыртқы агрессияны және бейкүнә адамдардың өлімін тоқтатуға қолдау көрсету және гуманитарлық көмек көрсетуді біздің жалпы ортақ міндетіміз деп есептейміз. Газадағы қанқасаптан Палестиналық жұрт азапқа душар болды. Израильдің Газадағы қырғыны, сәбилер мен әйелдердің, бейкүнә адамдардың қазасы Халықаралық деңгейде айыпталуы тиіс!
Инфрақұрылымдарға, мектептер мен ауруханаларға соққы жасау - гуманитарлық құқықты бұзу ғана емес, адам құқықтарын да бұзу. Біз Палестинаның өз мемлекетін құру құқығын қолдаймыз! БҰҰ бас хатшылығы Газадағы қырғынды тоқтатуы керек!», - деді.
ҚАЗАҚСТАН (СІМ МҰРАТ НҰРТІЛЕУ):
«Біз Палестина халқының өзінің тәуелсіз мемлекетін құру құқығын қолдаймыз! БҰҰ шешімі орындалуы тиіс», - деді.
ИЗРАИЛЬ: ГАЗАНЫ БІЗ БАҚЫЛАЙМЫЗ!
ИЗРАИЛЬ (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР БЕНЯМИН НЕТАНЯХУ):
«Біз Газаны толық қоршауға алдық. Енді онда ХАМАС билігі де болмайды, Палестина азаматтық билігі де болмайды. Олар өз балаларын Израильді жек көруге, израильдіктерді өлтіруге тәрбиелейді. Әлі күнге дейін ХАМАС-тың 7 қазандағы Израильге шабуылын айыптамаған Махмұд Аббас та Газаны басқара алмайды!», - деді.
Соғыстан кейін Газаны кім басқарып, бақылайды?
Бұл тақырыпты осыған дейін жазған едік. Палестина Президенті Махмуд Аббаспен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Газа секторында соғыс аяқталғаннан кейін оны Палестинаға өткізіп беру мәселесін сөз еткен.
Махмуд Аббас та Газа секторын бақылауға алуға дайын екенін, бірақ ол үшін соғыс тоқтатылуға тиіс екенін мәлімдеген.
Қазір Батыстық тарап (АҚШ пен Еуропа) Газаны басқару үшін Араб елдерінің коалициясы құрылып, Израильмен келісе отырып басқарылуы тиіс деп санайды.
Алайда Израиль билігі Газаны өзі бақылап, демилитаризациялайтынын айтуда. Соғыс аяқталған соң Газада Израиль әскері қалады деген де пікірлер бар.
Mezgil.kz