Ресейден қуылған Башқұртстан тәуелсіздігін жақтаушы «Шетелдердегі Башқұрт ұлттық қозғалысының комитеті» Астанаға Путин келіп кеткеннен кейін мәлімдеме жасады.
Олар Башқұртстанның түптің-түбінде тәуелсіздік алатынын және соған Башқұртсанның элитасы дайындалуы керек екенін айтты. Бұған қоса, комитет қазақтарды башқұрттың ең жақын ағайыны екенін еске салды. Мәлімдеменің толық нұсқасы төмендегідей:
«Қазақстанда болған Путиннің «сыңары» Қасым-Жомарт Тоқаевты Башқұртстан астанасы – Уфа қаласында өтетін Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың кезекті форумына шақырды. Дәл осы жерде келесі форумды өткізу жоспарланып отыр.
Осының барлығынан башқұрт ұлттық қозғалысы қандай артықшылықтар ала алады?
Республикада болып жатқан кез келген оқиға болашақ тәуелсіздікке бейімделуі керек.
Украинадағы майдандағы жағдай тұрақталды деп айтуға болады: Украинаның серіктестері шаршай бастады, ал Ресей экономикасы бейімделе бастады, «ойын» ұзақ уақытқа созылады деп айтуға болады. Бұл ойымыз орындалмай, жоспарымыз құрдымға кетті деген сөз емес. Жоқ, қалай болғанда да Башқұртстан тәуелсіздік алады және бұлай болары сөзсіз. Тек мерзімі ұзартылып жатыр.
Башқұртстанның дәл қазір тәуелсіздік алғанынан гөрі осылай болғаны да жақсырақ шығар. Өйткені бұған жергілікті тұрғындар әлі дайын емес, қазір режимнен қажымаған, көңілі қалмаған адамдар да бар.
Путин билікте неғұрлым ұзақ отырған сайын бүкіл мемлекеттік жүйе соғұрлым азып-тозады. Сөзсіз күйрейді және соңында адамдар азаттық алуға дайын болады. Бірақ біз бәрін қазірден бастап жасап, алдын ала жоспарлап, тәуелсіздікке дайындалуымыз керек.
Сондықтан Уфада Қазақстанның элитасымен форум өткізуге мүмкіндік туғанда, қатысу, байланыс орнату, келісім-шарттар жасау, Башқұртстанға Қазақстаннан инвесторлар тарту өте қажет. Мұның бәрі бізге болашақта көп көмегін тигізеді.
Бүкіл башқұрт саяси және іскерлік элитасын, зиялы қауымын, қоғам қайраткерлерін Башқұртстанның алдағы тәуелсіздігіне дайындық үшін бәрін істеуге және жоспарлауға шақырамыз.
Мәскеу ірілі-ұсақты жобаларға ақша береді, оны алуымыз қажет, олар дамуға ақша береді, біз басқа елдермен байланысымызды дамытуымыз, құруымыз, кеңейтуіміз керек.
Бiрақ мұны Башқұртстан Мәскеудiң қол астында мәңгі қалатындай емес, республикамыздың дербес мемлекет болатынына дайындықпен жасаңыздар.
Оның үстіне қазақтар – біздің ең жақын ағайынымыз!».
Mezgil.kz