Қараша айының 10-ы күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлескен болатын.
Сұхбат барысында М. Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы өтініш білдіріп, Э.Коэн өз кезегінде Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге барын салатынын және бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Бүгін, яғни қараша айының 14-і күні Газа секторындағы шекара өткелдері бас басқармасының парақшасында, шетелдік төлқұжаты бар азаматтар «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы эвакуацияланады деген ақпарат пайда болды.
Жарияланған тізімде Қазақстанның 122 азаматы бар. Оның 65-і Қазақстан азаматы және қалған отбасы мүшелері Палестина азаматтары.
Жалпы тізімде Мадлен есімді қыз бен оның анасы Ирина және әкесі Ғази Эль-Сұлтан да бар. Олар Газа секторына туыстарына қонаққа барған азаматтар. Бірақ, аяқ асты соғыс басталып, босқындар лагерінде қалып қойған болатын.
Еске салайық, 13 қараша күні Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы 40 қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отырғанын айтқан еді. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, 13 қараша 44 азаматтан тұратын бірінші топ эвакуацияланған. Оның ішінде 40 Қазақстан азаматы мен 4 шетелдік бар.
Тақырыпқа тұздық: Қазан айының 7-сі күні таңертең ХАМАС пен «Ислам жиһадшылары» содырлары Израиль аумақтарын жаппай атқылаған еді. Бұған жауап ретінде Израиль үкіметі соғыс жағдайына көшкенін және «Темір қылыш» операциясының басталғанын жариялады. Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы бері екі тараптан да қаза тапқандардың саны мыңдап есептеледі.
Ал осыдан бір апта бұрын Ақ үй Израильдің қарашаның 9-ынан бастап Газа секторының солтүстігінде жергілікті тұрғындарға қауіпті аймақтарды тастап кетуге мүмкіндік беру үшін күн сайын төрт сағаттық гуманитарлық үзіліс жасайтынын хабарлады.
АҚШ соғыс аяқталғаннан кейін Газа секторын Палестинаның құзіретіне бергісі келетінін жеткізді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, «Fox News» арнасына берген сұхбатында ХАМАС-ты жеңгеннен кейін, Израильдің Газа секторын жаулап алуға, басып алуға немесе басқаруға ұмтылмайды, бірақ қажет болған жағдайда содырлардан келетін қауіп-қатердің алдын алу үшін анклавқа «сенімді күштер» кіруі керек екенін айтты.
Mezgil.kz