«Economist» басылымы 2022 жылдың ақпанында басталған Украинадағы соғыстың тағдырып осылай болжап, сарапшыларды сөйлетіпті.
«Батыс сарапшылары Украинадағы қанқасап соғыс тағы 5 жылға созылуы мүмкін деп болжайды. Бұған басты себеп – Украинаның да, Ресейдің де шегінгісі жоқ. Солай бола тұра, екі тарап та алға жылжи алмай отыр», - деп жазады «Economist».
Басылым бұл соғыс әлем жұртына жаһандық масщтабтағы соғыстарда шығынның (әскери техника мен адам шығындары) орасан зор болатынының көрсеткіші болғанын жазады.
«Economist» өз мақаласында Украинадағы соғыс пен Израиль-ХАМАС арасындағы соғыстарды, ондағы қару-жарақ пен әскери тактикаларды салыстыра сөйлепті.
«Екі соғыстың табиғаты мүлде бөлек. Екі соғысқа қажетті қару-жарақтың түрлері де басқаша. Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын, Қырымды соққылауға қажетті зымырандар қажет. Сондай-ақ жаяу әскер алға жылжи алуы үшін бронды техникалар, майдан даласын миналардан тазарту үшін минадан тазартқыш техникалар керек.
Ал Израильге әуеден соққы жасау үшін ақылды бомбалар керек (соның ішінде, бункерлерді соққылау үшін). «Темір күмбезге» арналған зымырандар керек», - дейді.
АҚШ саяси-әскери басшылығы қоймалардағы снарядтарды Израиль мен Украинаға теңдей жеткізу үшін жұмыстанып жатқанын жазған.
«Былтыр АҚШ Израильдің қоймаларындағы снарядтарды Украинаға көмекке берген еді. Енді Укаринаға бағытталған сол көмектің жартысын Израильге қайтаруға тура келді. Украина да, Израиль де «Патриот» зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін қолдануда. Қысқа қарай, Украина тарапынан да сұраныс артуы ықтимал. Себебі, Ресей Украинаның энергокешентеріне зымыран соққыларын күшейтуы мүмкін. Егер осы екі соғыстың біреуі немесе екеуі де ұзыққа созылатын болса, АҚШ екі жақтың да сұранысын қамтамасыз етуде күрделі мәселелерге тап келуі ықтимал», - деп жазады «Economist».
Вашингтондағы Халықаралық және стратегиялық зерттеу институтының маманы Макр Кансиан: «Уақыт өте келе Украинаға кей мәселеде компромисске баруға тура келеді. Өйткені, кейбір маңызды кешендер Израильге бағытталады. Украинаға қарсы шабуылға қажетті арсеналдар Киев қалағандай көлемде болмай қалуы мүмкін», - дейді.
«Economist» басылымы осындай факторларды сөз ете келе, Украинадағы соғыс тағы бес жылға созылуы мүмкін екенін жазады.
ПУТИН САЙЛАУҒА ТҮСУ ҮШІН ЖАНТАЛАСУДА...
Тақырыпқа тұздық: Украина президенті Зеленский кешегі үндеуінде былай деді:
«Путин президенттік сайлауға түсетінін жарияламас бұрын, майдан даласында жетістіктерге қол жеткізгісі келеді. Шамаласақ, Ресей президентінің сайлауы желтоқсанда өткізілуі мүмкін. Ол сайлау 2024 жылдың наурызында өтуі мүмкін.
Путиннің қазіргі нақты саяси мақсаты – сайлаудың алдында аз да болса жетістікке қол жеткізгісі келеді. Ол үшін Путин өз қарамағындағы адамдарды санына қарамастан құрбан етуге даяр. Ол желтоқсанның алғашқы жартысында жетістікке жету үшін майдан даласында жүздеген, мыңдаған адамды өлтіре салуға бар.
Осылайша, шайқас даласында сәл де болса ілгерілеу көрсеткен соң, ол сайлауға түсетінін мәлім етпек. Ресейдің қазіргі Авдеевка майданындағы сарбаздары мен технкаларының шығыны Бахмутта жоғалтқан шығыннан еселеп көп. Олардың нөпір шабуылына төтеп беру де оңайлыққа соғып жатқан жоқ», - деді Зеленский.
Осыған дейін Украина әскери басшылығы Ресейдің Авдеевка, Купянскі мен Бахмутта шабуылды күшейткенін мәлімдеген еді. Ал Генерал Сырский Ресей әскері ұрыс даласында камикадзде-дрондарды көптеп қолдана бастағанын айтқан.
Mezgil.kz