Cақа елінде мобилизация қарқынды жүруде. Республиканың әскери комиссары Александр Авдонин 2023 жылдың соңына дейін аймақ әр апта сайын 500 тұрғынды Украинаға аттандыру керектігін айтқан. Бұл туралы «Свободная Якутия» қоры жазды.
Сақа елінің үкімет жиналысының жабық отырысында Авдонин мобилизациялық жоспарды орындау үшін, аймақтың 36 аудандық-ауылдық бірлестігі әр апта сайын кемі 15 адамнан жіберуі тиістігін айтқан. Авдониннің сөзінше Украина соғысына ерікті ретінде аттанушылар ішінде Сақа елі Қиыр Шығыс бойынша ең соңғы орындардың бірінде тұр. Еріктілерді жасақтауға тиіс жоспар бар болғаны 30 пайызға орындалған. Ол мысал ретінде аймақтың Алан ұлысын келтірді. Жоспар бойынша Алан ұлысы соғысқа жыл соңына дейін 176 еріктіні жіберуге тиіс болса, қазір бар болғаны 36 еріктіні аттандырған. Сақа бойынша еріктілердің соғысқа аттануы азайған.
Авдонин еріктілерді соғысқа үгіттеу, мобилизацияны күшейту шараларын іске асыру қажеттігін меңзеген. Ол Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Дмитрий Медведевтің сөзін мысалға келтіре отырып, «соғысқа барудан бас тарту қылмыстық қудалауға әкелетінін» де жасырмады.
«Тынбай еңбек етіп, адам іздеп, фронтқа еріктілерді табамыз. Өйткені әлі соғыс біткен жоқ. Украинаның қарсы шабуылы тоқтады, қазір фронттағы жағдай қалыпты күйге түсті дегенді естіп қаламыз. Олай емес. Біздің жігіттер окоптарда күн сайын ажал құшуда», –дейді Авдонин.
«Важные истории» зерттеушілері бұған дейін Ресейдің аймақтарға Украина соғысына еріктілерді тарту жоспарын бекітіп, жасырын мобилизацияны күшейту туралы тапсырғанын жазған болатын. Оның ішінде соғысқа еңбек мигранттарын, жұмыссыздар мен қарызы көптерді тарту шараларын күшейту айтылған-ды.
2022 жылдың 21-қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин Ресей тарихындағы үшінші мобилизацияны жариялады. Жоспар бойынша Ресей билігі 300 мың адамды мобилизациялап, соғысқа аттандыруы қажет болды. Ресей қорғаныс министрлігі мобилизацияланғандар тікелей ұрыс қимылдарына қатыспай, тылдағы жұмыстармен айналысатыны айтылды. Алайда қазіргі статистика бойынша Ресей әскерінің ең жоғары шығыны дәл осы мобилизацияланғандарға тиесілі.
Mezgil.kz