Бүгін, 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толды. 1993 жылғы 12 қарашасы күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 15 қараша күні ұлттық валюта айналымға еніп, 18 қарашадан бастап жалғыз заңды төлем құралына айналды.
Ұлттық валютаның дизайнын жасауға Ағымысалы Дүзелханов, Меңдібай Алин және Хайрулла Ғабжалилов сынды суретшілер тобы жұмылдырылған. Олар қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері: Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, хан Әбілқайыр мен хан Абылай бейнеленген теңгенің алғашқы дизайнын жасаған.
Ұлттық валюта тарихында оның дизайны үнемі өзгеріп, жақсарып, қорғаныш белгілері жаңаланып тұрған. Халықаралық ұйымдар теңгені бірнеше рет әлемдегі ең үздік валюта деп таныды.
2007 жылы 29 наурызда ұлттық валюта нышаны (₸) бекітілді. Оның авторлары – Вадим Давиденко мен Санжар Амерханов.
Ұлттық валютаның 30 жылдығына орай біз экономист Мақсат Халықтан пікір алдық.
ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ҰЛТТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІН КӨРСЕТЕТІН НЕГІЗГІ ИНСТРУМЕНТТІҢ БІРІ!
Мақсат Халық:
– Теңгенің маңызы өте зор. Ұлттық валюта – әр мемлекеттің, ұлттың ерекшелігін көрсететін негізгі инструменттің бірі. Мемлекеттік нышандар – Ту, Елтаңба, Әнұранның қатарына теңге де қосылады. Өйткені теңгеде тарихымызды, кең даламыздың негізгі символикаларын көрсететін белгілер бар.
Теңгеміз 30 жылды қалай өткерді? 1993 жылы алғаш шыққан кезде 1 долларға шаққанда 4,69 теңге болған. Қазір 100 еседен асып құнсызданды. Бұл жағынан келгенде жүрегіміз ауырады. Дей тұрғанмен теңге өзінің траекториясымен жүріп келе жатыр.
Теңге тәуелсіздік алғалы 3 девальвацияны бастан өткерді. 2015 жылдан бері қарай, еркін айналымға көшкелі бері теңгеміз біресе құнсызданып, біресе көтеріліп тұрақсыз жағдайда келе жатыр.
Бұл тұрақсыздыққа әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар бар. Мысалы, Америка федералды резервтер жүйесі кілтті пайыздық мөлшерлемесін өткен жылдан бастап қатты көтеріп келді. Оның үстіне әлемдегі геосаяси жағдайлар, рубльдің құнсыздануы, мұнай бағасы түсіп кетсе де теңгемізге қысым түседі. Осындай факторлардың әсерінен теңге құнсызданды.
Екінші мәселе, халқымыздың әл-ауқаты, елдегі қымбатшылық мәселесі. Осы тұрғыда біз инфляциямен күресуіміз керек.
Халқымыздың табысын арттыру керек. Теңгеміз неғұрлым құнды болса, ол еліміздің әлеуметтік жағдайына, өмір сүру сапасына тікелей әсерін тигізеді.
Қазіргі жағдайды қарайтын болсақ, теңгеміз біраз қиындықты артқа шегерген көрінеді. Ендігі кезекте отандық өндірісті дамыту деген маңызды міндет тұр. Ол міндет Үкіметтің мойнында. Үкімет отанадық өндірісті дамытып, ел экономикасының өсімін қамтамасыз етсе, онда теңгеміздің тұрақтылығы да қаматамсыз етілетін болады.
Қалай болғанда да теңгеміз бар және біз оны пайдаланамыз.
Бүгін Қазақстан қаржыгерлер конгресі өтіп жатыр. Осы жиында цифрлық теңгенің презентациясы болды. Теңгеміз қазіргі заманның талаптарына сәйкес түрленіп жатыр және келешекте де өзінің маңызын жоймайды деуге негіз бар.
Mezgil.kz