АҚШ-қа араға алты жыл уақыт салып Қытай төрағасы Си Цзиньпин барды. Ол Азия-Тынық мұхит елдері саммитіне қатыспақ, артынша АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу өткізеді. Соңғы рет Қытай басшысы 2017 жылы АҚШ-қа барған болатын. Сол себепті де сарапшылар мен әлемдік БАҚ «екі ел арасындағы қатынаста қандай өзгеріс болар екен» деп назарын мұхиттың арғы бетіне аударып, болжам жасауда.
АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Сан-Франциско қаласында, сәрсенбі күні кездесу өткізеді деп жоспарлануда. Бұл екі ел арасындағы саяси-экономикалық жағдай күрт қиындаған сәтте өтетін ауыр да маңызды кездесу болмақ. Кездесудің нақты орны мен уақыты БАҚ беттерінде жарияланбады, алайда ол саммит аясында өтетіні анық.
Қытайлық Xinhua агенттігің мәліметінше Қытай басшысының ұшағы АҚШ-қа қонғаны айтылса да, кездесу орны әлі нақтыланбаған. АҚШ басшысы Байденнің ұшағы да Сан-Францискоға келіп қонғаны белгілі болды.
Саммитке қатысушы елдердің әлемдік экономикада үлесі орасан болып саналады. АҚШ пен Қытайдан бөлек саммитке өзге 12 ел қатысады және саммитке қатысушы елдердің әлемдік экономикадағы үлес салмағы 60 пайызды құрайды дейді AFP деректері.
АҚШ МемДепартаментінің өкілі Мэт Мюррейдің мәліметінше, саммитте Ресей атынан вице-премьер Алексей Оверчук қатыспақ. Ол ЕО-ның санкциялық тізіміндегі азамат саналады. Алайда оған АҚШ әлі күнге дейін санкция салған емес, сәйкесінше ол АҚШ жеріне кіру мүмкіндігіне ие.
АҚШ президенті Джо Байден Вашингтонның Бейжіңнен сырт айналу ойы жоқтығын айтып, екі ел арасындағы қатынасты қалпына келтіру жоспары барын айтты. Ол Қытай мен АҚШ екі ел арасындағы қатынасты жақсарту үшін барын салатынына сенімді. Байден екі ел арасында тым болмағанда дағдарыс сәтінде телефон арқылы мәселелерді реттеу үшін сөйлесу мүмкіндігі, ал әскерилер арасында қандай да бір байланыс болғаны дұрыс. Бұл державалар арасындағы тікелей қақтығыс қаупін азайтар еді.
Сарапшылар екі ел басшысы арасындағы кездесуден үлкен өзгеріс күтудің қажеттігі жоқ дейді. Кездесу барысында әлемдік тақырыптар, соның ішінде Таяу Шығыстағы Израиль-ХАМАС соғысы, Ресейдің Украинаға агрессиясы, Солтүстік Кореяның Ресейге қару бергені, АҚШ-тың Тайуаньға қару жеткізгені, Қытайдың ішіндегі адам құқығы мәселесі сөз болмақ. АҚШ Қытайдан Иранға әсер етуін және Ресейді қолдамауын сұрауы ықтимал, ал Қытай АҚШ-тан Тайуаньға қару жеткізбеуін сұрауы мүмкін дейді сарапшылар. Бұл кездесу Иран мен Ресейге жағымсыз сигналдарды жіберері анық деп топшылайды кей басылым беттері.
Mezgil.kz