2024 жылы Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік саласына бөлетін қаржысы әлеуметтік саясатқа бөлінетін қаржыдан алғаш рет көп болмақ. Бұл Ресей билігінің милитаристік саясатты тоқтату ойының жоқтығын білдіреді.
15 қарашада МемДума екінші оқылымда 2024 жылға арналған Ресей бюджетін қарастыруды бастады. Шамамен шығын 2024 жылы 36,6 трлн рубль, ал кіріс 35 трлн рубль болады деп болжануда. Дефицитті Ресей билігі Ұлттық әл-ауқат қорынан жабуды ойластыруда.
Бюджетті қарастыру жобасын бірінші оқылымда 320 депутат мақұлдап, 80 депутат қарсылық танытты. Ал екінші оқылымда бюджет бірқатар өзгертулерге ұшырап, салаларға қаржыны бөлу қайта қарастырылған. 2024 жылы Ресей бюджетін милитаристік деп атауға болады. Себебі бюджеттің 30 пайызға жуығы, яғни 10,8 трлн рубль ұлттық қорғаныс саласына, 3,4 трлн рубль құқық қорғау саласына бағытталмақ. Бюджетте әскерилер мен тәртіп сақшыларының қаржысын индексация жасау да қарастырылған, сәйкесінше 2023 жылы әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері 6,5 трлн рубльге айлық алса, 2024 жылы ол 7,7 трлн рубль болмақ.
Қаржы министрі Антон Силуанов аталмыш бюджетті фронтқа негізделгенін жасырмайды. Ол «бюджеттің басым бөлігі әскери бағытта» деген пікірге келіспейді және әлеуметтік сала негізгі болып қала береді деп пікір білдірді.
Спорт, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қоса алғанда әлеуметтік сала деп саналатын бағытқа келер жылы Ресей бюджетінде 10,9 трлн рубль қарастырылған. Бұл әскери саламен теңесті дегенді білдіреді және экономика мамандарының пікірінше Ресей халқы үшін өте жағымсыз әсері болмақ.
Mezgil.kz