Кеше, яғни қараша айының 26-сы күні, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Азия-Тынық мұхит экономика ұйымына мүше елдер басшылары 30-кезекті бейресми басқосу жиынын өткізді. Бірақ әлемдік БАҚ бейресми кездесуден гөрі Қытай төрағасы Cи Цзиньпин мен Америка Құрама Штаттарының Президенті Джо Байденнің жеке кездесуіне көбірек назар аударды.
Байден кездесу басында кіріспе сөзін қысқа қайырып, олардың осыдан бір жыл бұрын Индонезияның Бали аралында кездескенін есіне алды. Сондай-ақ ол «екі алып елдің өзара бәсекелес екенін, бәсеке шектен шықса, кері салдарға ұрындыратынын» атап өтті.
Cи Цзиньпин бұған «жер шарының үлкен екенін, екі алыпты да сыйдыра алатынын, екі елдің осы деңгейге жетуі – өз тәлейлері екенін» айтып жауап берді. Ал әңңгімеге төте кіріскен тілшінің «Байденге сенесіз бе?!» деген сұрағын жауапсыз қалдырды. Екеуара әңгіме төрт сағатқа созылғанымен, тараптар ортақ мәлімдеме жасаған жоқ.
Ақ үй осы кездесу жайында ақпарат таратып, екі басшының үш түрлі келісімге келгенін хабарлады.
Әуелі. Америка жастарды көктей солдырып жатқан синтетикалық есірткінің дені Қытайда өндіріледі деп санайды. Қытай болса, химиялық есірткінің жолын кесуге келісім берген.
Одан кейінгісі. АҚШ өкілдер палатасының экс-төреайымы Нанси Пелоси былтыр, яғни 2022 жылдың тамыз айында, Қытай билігінің қарсылығына қарамастан, Тайванға сапарлай барған соң, Бейжің Америка әскерилерінің қоңырауын алудан үзілді-кесілді бас тартқан. Енді екі тарап төтенше жағдай кезінде әскери салада диалогты қайта келтірмек екен.
Соңғысы: Жасанды интелектуалдың жалпыласуынан туындайтын қатерлерді бірге зерттеуге келіскен. Қытай АҚШ-тан Тайванға әскери техника бермеуді өтінсе, АҚШ Қытай жерінде қудалауға ұшырап, істі болған америкалықтарды тезірек босатуды талап еткен.
Кешкісін Американың ең атақты компания басшыларымен бірге қонағасыға қатысқан Қытай басшысы: «Қытай Американың ішкі ісіне араласпайды, бәсекеде жеңілуіне де бәс тікпейді» деген.
APEC-ке Ресейдің де мүше екені белгілі. Бұл жолғы бейресми жиынға, әдеттегідей, Ресей басшысы Владимир Путин қатыспады. Премьер-министрдің орынбасары Алексей Оверчук барды. Ол қашанғы дәстүрінен айнымай Еуразияның бір тұлғалануын дәріптеп, Қытайдың «Бір жол - Бір белдеуіне» мадақ айтты.
Көп ұзамай Мәскеуде жатқан Лавров бірінші телеарнаға: «Доллар билеген экономикалық жүйенің арты белгілі болды. Әлемде көп салалы экономикалық жүйе қалыптасты. Бұрынғы жүйенің орынын басуы – уақыт мәселесі ғана», - деп сұхбат берді.
Mezgil.kz