Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдеріне үндеу жолдады.
«Құрметті достар! Өздеріңіз білесіздер, ел президенті «біздің қоғамда ең басты идеология – заң мен тәртіптің үстемдігі» деген болатын. Бұл – бірінші кезекте қоғамның қарым-қатынасы ғана емес, тұрмыстық мәселелерге де қатысты айтылған қағида. Әсіресе, қазір біз үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері алдыңғы орында тұр», – деді Аида Балаева сөз басында.
Аида Ғалымқызының айтуынша, мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап едәуір күшейтілгенімен, жауапқа тартылған агрессорлар саны 2 есе көбейген. Дәлірек айтқанда, осы жылдың 2-тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, 3-тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Бұдан бөлек, тағы 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 70 мың ескерту жасалды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы 12 мың талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 10 айда отбасылық тұрмыстық құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20 пайызға, оның ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтар 4,2 пайызға, ауыр қылмыстар 12 пайызға төмендеді.
«Өкінішіке қарай, соңғы жағдайлар бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түспегенін және өзекті екенін көрсетіп отыр. Басты себеп – заңды азаматтардың құқығын құрметтеу. Осыдан туындайтын сананың бұзылуы, жалпы құқықтық негилизм қазіргі қоғамға тән екенін көрсетіп отыр. Біз ата-ана ретінде балаларымызға үйде болсын, сыртта болсын, келеңсіз құбылыстармен күресу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Қоғам заңбұзушылыққа, зорлық-зомбылық пен дөрекілікке төзбеуге тиіс. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, бұзақылықтан, дөрекіліктен және вандализмнен бас тарту атмосферасын қалыптастыруымыз маңызды», – деді ведомство жетекшісі.
Сонымен қатар, министр барша адам баласына деген құрметті, ер азаматтың әйел мен қыздарға деген сыйластығын бала кезден бойына сіңіру қажеттігіне назар аударды.
«Өзіміз бен айналамыздағы адамдардың тағдыры мен өмірі бізге байланысты екенін әрқашан есте ұстауымыз керек. Дәл қазір президент жанындағы әйелдер және отбасы саясаты жөніндегі ұлттық комиссия тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуге кірісті. Сондықтан сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдерін белсенді болуға, тиісті ұсыныстарды жолдауға шақырамын. Мемлекет басшысы әрдайым қоғамдағы әділеттілік заңдылықты нығайту жолында азаматтардың бірлігіне байланысты екенін айтады. Сондықтан әділ Қазақстан заң мен тәртіп орнаған елде ғана болады», – деп түйіндеді сөзін Аида Балаева.
Mezgil.kz