Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қараша айының 13-і күні 71 жасқа қараған шағында Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада ауыр науқастан қайтыс болды. Қарашаның 14-і күні жаназасы шығарылып, денесі қара жердің қойнына тапсырылды. Болат Назарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында, өз үйінде өтті.
(Сурет Нұрсұлтан Назарбаев сайтынан алынды)
Бұдан үш күн өткен соң Нұрсұлтан Назарбаев туған інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болуына байланысты үндеу жариялады. Ол үндеуде бірқатар елдің басшыларынан көңіл айту жеделхаттарын алғанын, елдегі саяси және қоғам қайраткерлерінен, депуттатар мен дипломаттардан, діни қызметкерлер мен бизнес өкілдерінен және қазақстандық біраз азаматтан хаттар келіп түскенін айтты.
Екі күн бұрын, яғни қараша айының 18-і күні, Нұрсұлтан Әбішұлы Астана қаласының бас мешітінде інісіне арнап ас берді. Алайда «Ескі Қазақстанның бас сәулетшісі» асқа қатысатын адамдарды арнайы тізіммен бекіткен екен.
Бұрынғы президент Болат Әбішұлына арнап берген асына қалың қарашаны маңайлатпағанымен, мешітке «Ескі Қазақстанның» ығай-сығайларын түгел сыйғызуға тырысқан. Қонақтар арасында «кездеспей кеткен бейнелер» – «ерке қыз» – Дариға Назарбаева мен оның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев та, Тимур Құлыбаев, жақында ғана «шыншыл» екенін айтқан атақты сұқбаты қызу талқыға түскен бұрынғы президенттің досы Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Назарбаевтың «сүйікті інілері» – Қырымбек Көшербаев, Даниал Ахметов, Ахметжан Есімов, бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, сенат төрағасы болған Нұртай Әбіқаев, Жоғарғы сотты басқарған Қайрат Мәми, Орталық сайлау комиссиясының экс-төрағасы Берік Имашев, бұрынғы министрлер, облыс әкімдері болды.
Жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарып тұрған кезіндегі өзіне өзі баға беріп, Алла берген миссиясын бірін қалдырмай орындағанын айтып, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырды.
«Тәуелсіздікті орнату бізге оңай болған жоқ. 1992 жылы совет үкіметі құлаған кезде елімізде 1500 өндіріс орны тоқтап, 2 миллион адам жұмыссыз қалды, дүкен сөрелерінің бәрі босап қалды, жалақы, зейнетақы берілмеді. Сондай кездерде «ел боламыз ба, болмаймыз ба?» деп тұрғанда әріптестерім, қатарластарым барлығы жабылып, сол қиындықтан шығып, елімізді аяғынан тік тұрғыздық <...> Сондықтан өз басыма Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын», – деді ол.
Назарбаев сөз арасында, әдеттегідей, өзі басқарып тұрған жылдары елде бейбітшілік болғанына, «соғыс өрті тұтанбағанына», «ел бірлігін сақтап қалғанына» тоқталды. Бұдан бөлек, ол өзі президент болған жылдары «бірліктің арқасында» Қазақстанның экономикасы көршілердікінен «5-10 есе көтеріліп, ең алға шығып кеткенін» тілге тиек етті.
Сөз соңында: «Мен ештеңеге қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын, маған ешқандай сөз тимейді. Себебі бұл мәселе – біздің ұрпақтікі емес, тарихтың мәселесі. Тарих өз айтатынының бәрін айтады. Сондықтан оның бәріне өте байсалды қараймын», – деді Назарбаев.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Болат Назарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне де, Астанадағы асқа да қатыспады.
Былтыр болған «Қаңтар оқиғасынан» кейін Қазақстанда Назарбаевтың саясатын сынаушылар күрт көбейіп, Назарбаевтың айрықша мәртебесі алынып тасталды, оның туыстары мен «сенімді серіктері» алды қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге жабылып, арты қызметтен шеттетілді.
Шетел саясаттанушылары мен сарапшылары Назарбаев дәуірі жеке басқа табынуымен, авторитаризмнің орныққанымен, азаматтардың саяси құқықтары шектелгенімен есте қалғанын айтты.
Ал Болат Назарбаев болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың дәурені жүріп тұрған уақытта елдегі ең ықпалды әрі бай адамдардың біріне айналды.
Mezgil.kz