Келісім жасалды: Төрт күндік тыныштық...сосын қайта соғыс

Катар билігі Израиль мен ХАМАС арасында уақытша келісім жасауға қол жеткізді. Келісім бойынша 4 күнге ұрыс қимылдары тоқтатылады. ХАМАС тұтқындағы 50 бала мен әйелді босатса, Израиль түрмеде отырған палестиндіктерді босатуға келіскен. Ұрыс қимылдары тоқтаған сәтте Газаға гуманитарлық жүк көліктері кіруге рұқсат етілмек.


Израиль и ХАМАС пришли к соглашению о перемирии: 22 ноября 2023, 09:04 -  новости на Tengrinews.kz

 

«Келісім жасалды. ХАМАС тұтқынындағы 50 бала мен әйелді босатуға келісті, ал Израиль түрмеде отырған палестиндік әйелдер мен балаларды босататын болады. Келісім сәтті іске асса, босатылатын тұтқындар саны да артуы ықтимал», – дейді Катар СІМ өкілі.

 

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху канцеляриясы Израиль министрлер кабинеті ұзақ талқылаудан кейін Газа секторынан 50 тұтқынды қайтару туралы жоспарды мақұлдағанын айтты. Келісім аяқталған соң, төрт күндік тыныштықтан кейін ұрыс қимылдары қайта жалғасатын болады.

 

Израильдің Kan радиосы министрлер кабинеті келісімді талқылау үшін алты сағат уақыт жұмсағанын айтты. Келісімді іске асыруға қатысты «Діни сионизм» партиясы мен «Еврей күші» партиясы өкілдері қарсылық білдіріп, ХАМАС-тың келісімді сақтайтынына күмән келтірген.

 

ХАМАС өкілдері де Катар арқылы Израильмен келісім болғанын растады. ХАМАС өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Ұзақ күндік қиын келіссөздерден кейін біз уақытша ұрысты тоқтату келісімі жасалғанын растаймыз. Катар және Мысырдың қатысуымен 4 күндік гуманитарлық мақсаттағы келісім жасалды», - деп жазды.  

 

ХАМАС өз тарапынан 19 жасқа дейін 50 әйел мен баланы тұтқыннан босататынын, ал Израиль түрмесінен 19 жасқа дейінгі 150 палестиндік әйел мен баланы босататынын айтты. ХАМАС әр күн сайын 10 тұтқыннан босатып, төртінші күні 20 тұтқынды босатуға келіскен. Келісім бойынша Израиль де, ХАМАС та барлық әскери іс-әрекетті тоқтатуы тиіс. Газаға жүздеген жүк көлігі азық-түлік, медициналық қажеттіліктерді кіргізуге мүмкіндік алмақ. Ең үлкен нәтиже ретінде ХАМАС Газаға жанармай кіргізу мүмкіндігінің жасалатынын айтты.

 

ХАМАС-тың мәліметінше 4 күндік ұрысты тоқтату келісіміне сәйкес Газаның оңтүстік бөлігінің әуе кеңістігі тұтастай, ал солтүстік бөлігінің әуе кеңістігі жартылай ашық болмақ. Израиль әскері 4 күндік келісімге сай соққы жасамауға және тұтқын алмауға тиіс. Газаның солтүстігінен оңтүстігіне тұрғындар кетуі үшін Салах ад-Дин жолы ашылмақ.  

 

АҚШ басшысы Джо Байден келісімнің жасалғанын қолдады. Байдан Катар әмірі мен Мысыр президентіне уақытша келісімді жасауға атсалысқаны үшін алғыс айтты. WP басылымының жазуынша Израильді келіссөзге көндіруге АҚШ тарапының қысымы әсер еткен.

 

Израиль әскері келісімнің жасалуына қарсылық танытуда. Израиль қорғаныс министрлігі ХАМАС ұрыстың уақытша тоқтағанын пайдаланып, қоршауда қалған аймақтардан шығып үлгеруі мүмкін деп санайды.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар