Ресей көмектесті: Ким Чен Ын енді жауларын ғарыштан бақылайды

Солтүстік Корея ғарышқа алғашқы барлаушы спутнигін ұшырды. Бұл туралы КХДР орталық ақпараттық агенттігі хабарлады.


Ким Чен Ын у Путина: встреча на космодроме | Euronews

 

Спутникті ғарышқа жеткізуші зымыран 21-қараша күні, сағат 22:42 уақытында Сохэ ғарыш айлағынан көтерілген. Жалпы ұшу уақыты 705 секундты құраған. Алғашқы барлау спутнигі сағат 22:54-те ғарышқа сәтті жеткізілген. Бұл оқиғаны тамашалауға КХДР басшысы Ким Чен Ынның өзі қатысқан. КХДР ақпарат көздері жақын аралықта Солтүстік Корея ғарышқа тағы бірнеше барлау спутнигін ұшыратынын мәлімдеді.   

 

КХДР орталық ақпарат агенттігі 22-қараша күні Ким Чен Ын спутник түсірген алғашқы суреттермен танысқаны жайлы ақпаратты жариялады. Онда Солтүстік Корея басшысынның Гуам аралындағы АҚШ-тың әскери базасы түсірілген суретті қарағаны жайлы жазылған. Спутник Андерсен әуежайы мен Апра портын да суретке түсірген. Орталық ақпарат агенттігінің мәліметінше спутник желтоқсан айында толық іске қосылады, ал оған дейін қашықтықтан баптау жұмыстары жүргізіледі.

 

АҚШ КХДР-дің ғарышқа спутник ұшыруын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан енгізілген санкцияларды өрескел бұзу деп атады. Алайда АҚШ барлаушылары спутниктің ғарышқа сәтті жеткізіліп, жұмыс істеп тұрғанына әлі де күмән келтіруде.

 

Оңтүстік Корея әскерилері КХДР-дің ғарышқа спутник жеткізгенін растады. Сеул спутниктің жұмыс істеп тұрғанын тексеру қажет деп санайды. Сарапшылар Солтүстік Кореяға спутникті ұшыруға Ресейдің ғарыш саласындағы мамандары көмектескеніне сенімді. Ұзақ жылдар бойы Солтүстік Корея ғарышқа барлау спутниктерін жеткізе алмаған. Соңғы рет мамыр және тамыз айларында ғарышқа спутник ұшыру әрекеті болып, сәтсіз аяқталған еді. Ендігі таңда Ресей мен КХДР арасындағы байланыстың нәтижесінде барлау спутнигін ұшыра алды дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар