Украина еркінен тыс Ресеймен бейбіт келісімге келуі мүмкін деп болжайды Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис.
Оның айтуынша, егер Украинаның одақтастары Киевті толық масштабта соғыс жүргізуге қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етпесе, украиндар мәжбүрлі шараға барады.
«Киевте қазір зымыран кешендері мен оқ-дәрілердің қажетті мөлшерде болмауы және ЕО-ның бірнеше ай бойы Украинаға әскери көмек көрсету туралы шешімді қабылдай алмауы Украинаны тығырыққа тіреп, Киев еріксіз түрде Ресейден бейбіт келісім сұрауға мәжбүр болуы ықтимал», -дейді ол.
Дей тұрғанмен, Ландсбергис Украина мұндай қадамға ешқашан бармайды деп сенетінін білдірді.
«Бұл Украинаның өз таңдауы болмақ емес. Біз білетін Украина өз еркімен ешқашан терроршылардан бейбіт келісім сұрамайды. Алайда оған дер кезінде қажетті көмектің көрсетілмеуі - осындай жағдайға алып келуі мүмкін», - дейді ол.
Осыдан бірнеше күн бұрын ЕО Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Ландсбергис Украина-Ресей соғысында ұрыс қимылдарын уақытша тоқтата тұру туралы ұсынысты «масқара ұсыныс» деп атаған болатын.
Ал Зеленскийдің өзі: «Егер Ресейге Қырым мен Донбассты берсек, соғысты тоқтата аламыз. Бірақ, бұған біз келіспейміз. Бұл бейбіт келісім емес! Бұл тығырықтан шығудың жолы емес!», - деп мәлімдеді.
Mezgil.kz