24-қараша күні, сағат 07:00-де ХАМАС пен Израиль арасындағы келісім күшіне енді. Израиль әскері әуеден тікұшақтар арқылы үнпарақтар таратып, Газаның оңтүстігіне кеткен халықты қайта солтүстігіне келмеуге шақырды. Себебі ұрыс қимылдары 4 күннен кейін қайта жалғасады.
Алайда Газаның оңтүстігінен солтүстігіне халық ағылуда. Бейт-Ханун қаласына, Хан-Жүніс қаласына қайтып оралушылар саны мыңдап саналады. «Олардың көпшілігі ұрыс қимылдарынан кейін үйлері аман қалған ба, жоқ па соны көру үшін бара жатыр. Себебі газалықтардың үйінен басқа мүлкі жоқ. Кейбірі өз жақындарын жерлегісі келеді, оларды 4 күннің ішінде үйінді астынан шығару мүмкіндігі болады деп санайды», - дейді Al Jazeera арнасына пікір білдірген газалық тұрғын.
Газаның солтүстік бөлігі қазір Израиль әскерінің бақылауында. Солтүстік пен оңтүстікті жалғап тұрған Салах ад-дин даңғылын ЦАХАЛ өз бақылауына алған. Израиль әскері әр адамды тексеріп, қаруы бар-жоғын анықтауда.
Reuters-тің хабарлауынша Израиль келісім аясында бүгін түрмеден 24 әйел мен 15 жасөспірім палестиндікті босатуы тиіс. Ал ХАМАС 13 тұтқынды босатпақ. Израиль палестиндіктерді халықаралық «Қызыл крест» ұйымының өкілдеріне береді, ал ХАМАС Мысыр мен Газа арасындағы өткізу бекетінде 13 тұтқынды Израиль тарапына бермек.
Халықаралық ұйымдар мен жекелеген мемлекеттер Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімді созуды ойластыруда. Оған Мысыр, Иордания, Катар, АҚШ, Франция, Ресей мен Қытай мүдделі екендерін жеткізді. Алайда тараптар әлі нақты жауап бермеген, әзірге келісім 4 күнмен шектелуі мүмкін.
Газа аймағы үшін бұл келісім тек қана ұрыс қимылдарын тоқтату ғана емес, сонымен бірге гуманитарлық көмек кіргізу дегенді білдіреді. Мысыр мен Газа арасындағы «Рафах» өткізу бекетінен Газаға бір күнде 320 жүк көлігі кірмек. Олар дәрі-дәрмек, азық-түлік кіргізуді бастады. Газа үшін ең үлкен қажеттілік саналатын жанармай да кіргізілмек. 4 цистерна газ және 4 цистерна жанармай аймаққа кіргізіледі. Бұл жанармай арқылы жұмыс істейтін генераторлар үшін ауадай қажет. Медициналық аппараттар тек генераторлар арқылы ғана жұмыс істеуде.
Al Jazeera арнасы Израиль әскері Газаның солтүстігінде келісімді бұзып, халыққа оқ атып, 7 адамды жаралады деп ақпарат таратты. Ал Израиль ХАМАС келісімді бұзып, мергендер оқ жаудырды деп мәлімдеді. Жалпы келісім осы сәтке дейін 4 мәрте бұзылған дейді әлімдік БАҚ беттері.
Mezgil.kz