Ресей наразы, Киев риза: Қырымның жәдігерлері Украинаға қайтты

Украина билігі Киевке Қырым мұражайындағы тарихи жәдігерлер, атап айтқанда скиф алтындары мен тәжі қайтарылғанын айтты. Жәдігерді қайтару үшін Украина мен Ресей арасында халықаралық ұйымдарда тарихи пікірталас болған.


Шлем

 

Барлығы 565 жәдігер Киевке әкелінді. Жәдігерлер Нидерландыдан келген. Оның ішінде скиф, сармат кезеңінің аса құнды, тарихи маңызы зор жәдігерлері, қылыштар мен тәж, алқалар, дулығалар, ескерткіш тастар бар. Алтын бұйымдар да көп.

 

Жәдігерлердің арасында скиф дәуірінің құнды бұйымы саналатын б.з.д IV ғасырға тиесілі жауынгер дулығасы, гректердің Қырымды отарлаған дәуірінде жасалған бұйымдары бар.

 

Аталмыш коллекция Амстердамдағы мұражайда тұрған. Ресей Қырымды заңсыз аннекциялап алған сәтте, Мәскеу Қырымға тиесілі тарихи жәдігерлерді қайтару үшін арнайы хат жазып, сұрау салған. Украина мен Ресей жәдігерлерді қайтару үшін халықаралық сотта бірнеше мәрте тарихи сөзталас жасады. Ресей «Қырым жеріне тиесілі жәдігер Қырымның кімге тиесілі екеніне қарамастан Қырым мұражайларында тұруы тиіс» деген позицияда болды. Украина «Ресей билігі аталмыш жәдігерлерді Мәскеу мен Петерборға әкетеді» деген уәж айтты. Сот Украинаны жақтап, Ресейдің басқыншы саясатын айыптап, Киевтің пайдасына шешім қабылдады.

 

Украина Ұлттық тарихи мұражайы арнайы мәлімдеме жасап, былай деді: «Араға 10 жылға жуық уақыт салып, Қырымдағы төрт мұражайдың жәдігерлері Украинаға қайтарылды. Осыдан он жыл бұрын Амстердамда өткен «Қырым: Қара теңіз құпия мен алтындары» атты көрмеге апаралып, кейін кері қайту жолы жабылған жәдігерлер енді өз отанына оралды», - дейді.

 

Ресей билігі сот шешімін «масқара» деп бағалады. Сот «жәдігерлер қандай да бір мұражайға емес, Украина елі мен оның тарихына тиесілі» дегенді айтқан. Қырымның заңсыз басшысы саналатын Сергей Аксенов Батыстың шешімін тарихқа қиянат деп атап, «Ресей арнайы операцияның барлық міндетін орындаған сәтте, жәдігерлер Қырымға қайта оралады» деп пікір білдірді. Ал Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков болса «Қырымға тиесілі жәдігер Қырымға қайтарылуы тиіс» деп санайтынын айтқан.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар