Кеше Еуропа Одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға ресми сапармен келіп, Қазақстанның үкімет мүшелерімен жиын өткізді. Тараптар жиында Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге шектеу қою мәселесін талқылады.
О'Салливан талқыдан соң баспасөз мәслихатын өткізіп:
«Менің рөлім – енгізілген санкцияларға қосылмауды ұйғарған мемлекеттерге сапарлау. Осы мақсатта Қазақстанға екі рет келдім, ертең Өзбекстанға ұшамын, келесі аптада Үндістан сапары күтіп тұр. Бұдан бөлек, Армения, Қырғызстан, Сербия, БАӘ, Түркия елдеріне бардым. Бұл мемлекеттерді санкцияға қосыл деп үгіттемейміз. Олардың заңды аумағы санкцияны айналып өту алаңына айналмауы жөнінде сөйлесеміз», – деді.
БІЗ САНКЦИЯЛАРҒА БОЛА ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕО-НЫҢ АРАСЫНА СЫЗАТ ТҮСКЕНІН ҚАЛАМАЙМЫЗ!
(Еуропа Одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан)
ЕО өкілі елімізге сәуірде де келгені белгілі. Баспасөз мәслихатына қатысқан тілшілер арнайы өкілден осы аралықтағы өзгерістер туралы сұрады.
«Сәуір айында келгенімде Қазақстан билігі өз ұстанымын нақты айтқан еді. Әсіресе, әскери мақсатта қолданылатын тауарларға қарсы санкцияларды айналып өту алаңына айналмайтынын, еш тарапты қолдамайтынын, бейтарап ұстанымда қалатынын жеткізді. Біз Қазақстан сияқты басқа да мемлекеттердің санкцияларға қосылмаймыз деген ұстанымын құрметтейміз. Ол – әр мемлекеттің өз шешімі. Бірақ Қазақстан ЕО құрамындағы мемлекеттермен сауда қарым-қатынастарын орнатуға, инвестиция тартуға мүдделі. Сол себепті, Қазақстанның санкцияларды айналып өту жеріне айналуы мемлекетке де, осы мемлекетте жұмыс істейтін компанияларға да жағымды емес. Бұл – барлығымызға да ортақ сын-қатер және Қазақстанмен осы мәселені бірлесе отырып шешуге дайындығын өте жоғары бағалаймыз», – деп жауап берді ол.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін үлкен жетілік мемлекеттері және Еуропа Одағы Путин басқаратын елге бұрын болмаған санкциялар пакетін енгізген еді. Бұл санкциялардың негізгі мақсаты жаңа технологиялардың Ресей нарығына түсуінің алдын алу болды. Ал ЕО биыл санкция салынған тауарлар Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Мәскеу бұл тауарларды қару жасауға пайдаланып жатыр деп мәлімдеген.
Жақында Мәскеуде Ресей ғылым академиясы Е.М. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық ғылыми-зерттеу институты ұйымдастыратын Примаков оқулары (экономика және халықаралық қатынастар саласындағы сарапшылардың, дипломаттар мен саясаткерлердің жыл сайынғы ірі халықаралық форумы) өтті. Сол форумда сөз сөйлеген РФ СІМ Сергей Лавров ЕО-ның арнайы өкілінің бұл сапарын «Жәй ғана арсыздық» деп атады.
ЛАВРОВТЫҢ ЛЕПІРМЕСІ: БАТЫС АРСЫЗДЫҚ ЖАСАП ЖАТЫР!
(РФ СІМ Сергей Лавров)
Лавровтың лепірмесі былай:
«Америкадан, ЕО-дан, Англиядан ресми түрде тағайындалған санкциялар бойынша өкілдер Орталық Азияны аралайды. Олар көпшілік алдында: иә, сіз ЕАЭО-да, ҰҚШҰ-да, ТМД-да, ШЫҰ-да жүресіз, бірақ сіз біздің санкцияларымызды орындауыңыз керек. Бұл, менің ойымша, арсыздық және ақымақтық», – деді ол.
Оның пікірінше, осындай талаптармен келген арнайы өкілдер «барған жерінің намысына тиіп, қорлайды». «Ақылдырақ әрекет ету керек. Сәл құрметіңді көрсетіп дегендей...», – деді Лавров.
Mezgil.kz