Ресей басшысы Владимир Путиннің қызы Катерина Тихонова басқаратын «Ұлттық зияткерлік даму» қоры Ресейдегі ең ірі дрон өндіруші «Геоскан» компанияның үлесін сатып алды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ЕО, АҚШ және Ұлыбритания Катерина Тихоноваға санкция салған.
The Moscow Times басылымының жазуынша, «Геоскан» азаматтық авиацияның ұшқышсыз ұшақтарын, сондай-ақ фотограмметриялық деректерді өңдеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді шығарады. Бір қызығы, 2023 жылдың шілдесінде Украина бұл компанияға санкция салды, себебі оның өнімдері әскери және қосарлы мақсаттағы тауарлар мен қызметтердің өндірістік тізбегіне біріктірілген.
Санкцияларды енгізуге Башқұртстан үкіметінің басшысы Андрей Назаровтың мәлімдемесі себеп болды. Ол Геоскан-Уфа нысандарында Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшін ұшқышсыз ұшақтар шығарылатынын айтты.
Журналистер таратқан ақпаратқа сүйенсек, 16 қарашадан бастап Ресейдегі дрондардың ең ірі өндірушісі «Геоскан» компаниясының 10 пайызы «Ұлттық зияткерлік даму» қорына өткен.
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 25-і күні Ресей Киевке дрондармен соғыс басталғалы бергі ең жойқын шабуыл жасады. «Шабуыл салдарынан бес адам зардап шекті», – деп хабарлады Украина билігі.
75 дронның 74-і атып түсірілген, алайда 200 ғимарат, оның ішінде 77 тұрғын үй жарықсыз қалды. Себебі дрон жарқыншақтары жерге түскенде, электр жүйелерін үзіп кеткен.
Украинада ауа-райы суып, қыс ызғары біліне бастады. Сондықтан әскери ұрыс әдістері өзгерген. Яғни, ауыр техникалардың жүрісі айтарлықтай баяулады. Ал мұның «орнын толтыру үшін» Ресей әскери дрон қолдануға мәжбүр дейді сарапшылар.
Mezgil.kz