Газа секторындағы ХАМАС пен Израиль арасындағы қанқасап шайқастар 2 айдан аса уақыт жалғасып, Мысыр мен Катардың арағайындық жасауы арқылы уақытша тоқтатылған еді.
ХАМАС пен Израиль келісімге келіп, екеуара тұтқындар алмасу, Газа секторына гуманитарлық көмектер жеткізу жүзеге асырылып жатқан-ды. Әуелгі бойынша гуманитарлық мақсаттағы үзіліс 4 күнге жасалады деп келісілген. Кейін ол 2 мәрте ұзартылды. Әр жолы ХАМАС тарабы 7 қазанда тұтқынға түсірген Израиль азаматтары мен өзге шетелдік тұтқындарды лег-легімен босатқан. Жауап ретінде Израиль тарабы 150-ден аса Құдыстық тұтқынды босатып жатты. 50/150 формуласы бойынша жасалған тұтқын алмасу келісімінің жалғасы ретінде ХАМАС соғыс тоқтайтын әр күннің есебіне 10 тұтқыннан босатады деген. Осылайша, Газа секторындағы ұрыс қимылдары тұп-тура 8 күнге тоқтады.
Ал кеше, яғни, 30 қарашада екі бірдей мұздай қаруланған лаңкес Шығыс Иерусалимлегі Гиват-Шауль жол қиылысында автобус аялдамасында тұрған бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған, Израиль қауіпсіздік күштері олардың көзін жоя білді. Бұл теракт деп бағаланды. Сол сойқанды жасаушылар 3 адамды өлтіріп, 7 адамды жаралады.
ИЕРУСАЛИМДЕГІ ТЕРРОР
Құдыстық ХАМАС қозалысы Иерусалимде болған терактіні өз мойына алды. Осы теракті турасында ХАМАС қозалысы 30 қарашада өзінің «Telegram» арнасында: «Бұл операция шегіне жеткен оккупациямен Газа секторындағы жаппай қырып-жоюға жауап беру болып табылады», - деп мәлімдеме жасады.
Әлемдік БАҚ терактіні жасаушылар «Аль-Кассам» бригадасының екі мүшесі болды дегенді алға тартады.
УАҚЫТША КЕЛІСІМ - БІТІМ ЕМЕС!
Бүгін таңда Израиль армиясы Газа секторындағы ұрыс қимылдарын қайта бастады. Израиль армиясы: «ХАМАС гуманитарлық үзіліс туралы келісімді бұзып, Израиль аумағын атқылады. ЦАХАЛ Газа секторындағы ұрыс қимылдарын жалғастырады», - деп мәлімдеді.
Бұған дейін Израиль армиясы һәм әскери басшылығы ХАМАС-пен екіарадағы уақытша келісім бітім емес екенін, үзіліс аяқталған соң соғыс айта жалғасатынын, Израильдің мақсаты ХАМАС-ты түп-тамырымен жою екенін айтқан еді.
Mezgil.kz