Қазақстанның Мәжіліс депутаты Марат Башимов Ресейдің МемДума депутаты Евгений Федоровтың сандырағына жауап қатып, оның орны парламентте емес, есі ауысқандарды емдейтін ауруханада екенін айтқаннан кейін, ресейлік депутат сөз қақтығысын қайта өршітті.
Федоров былай дейді: «Құрметті әріптесіміз жеке басқа өтіп, адамның жеке басын талқылап, ойлау деңгейімді 13 жастағы балаға теңепті. Әрине, бұл оның айтар аргументі жоқтығын көрсетеді, өйткені шынайы заңгер заңдық аргументтермен сөйлер еді».
Федоров КСРО құрамынан мемлекеттер заңсыз шықты деген пікірде қалатынын айтты. Ол 1991 жылы көптеген мемлекет КСРО-дан шыққан сәтте 1409 заңындағы талаптарды орындамаған дейді.
Ресейлік депутат Федоровтың ойынша қазір Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Алайда алдағы таңда жағдай күрт өзгеріп, мәселелер пайда болады дейді.
«Бүгін Путин мен Тоқаев арасындағы қатынас жақсы. Ал он жылдан кейін, жиырма жылдан кейін, отыз жылдан кейін ше? Қазақстанның КСРО-дан шыққан сәті заңдық нормаға сай болмауы, болашақта бізді қақтығысқа әкеледі. Қазір оны біз көптеген республиканың мысалында көріп отырмыз. Украинмен, Грузиямен, Молдовамен, Балтық елдерімен бітіспес қақтығыстар, жанжалдар болып жатыр. Дәл сондай қақтығыс бізді болашақта Қазақстанмен де күтіп тұр», - дейді ол.
Ол Қазақстан мен Ресей арасында қандай да бір қақтығыс болмауы үшін, заңдық нормаларды қайта қарап, 1990 жылы іске аспаған заңдарды іске асыру жағын қарастырайық деп ұсыныс айтты. Оның ойынша Ресей тәуелсіз Қазақстанды дәл сондай шешімдер жасағанша қолдай береді, бірақ оны «халықаралық құқыққа сай бірқатар шектеулер аясында ғана іске асырады». Ресейлік депутат сөз таластырмай, екі тарап бұл мәселені реттеуді бірлесе шешуі тиіс деп санайды.
Mezgil.kz